Абай облысының оқушылары «Жұлдызай-2024» Республикалық Ұлттық инклюзивті ойындарына қатысады

1-5 қазан аралығында Астана қаласында ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға арналған «Жұлдызай-2024» Республикалық Ұлттық инклюзивті ойындары өтуде. Ойындардың ашылу рәсімі 3 қазан күні Ж. Үшкемпіров атындағы жекпе-жек Сарайында және Паралимпиадалық жаттығу орталығында өтті.

Бұл іс-шараның басты мақсаты – ерекше балаларды әлеуметтендіру, салауатты өмір салты мен спортқа деген қызығушылықты арттыру арқылы олардың физикалық және рухани дамуына қолдау көрсету. Еліміз бойынша 600-ге жуық қатысушы бақ сынайды.

Абай облысынан 25 оқушыдан тұратын команда жасақталды, олардың 22-сі арнайы мектеп-интернаттар мен ерекше балаларды қолдау орталықтарының тәрбиеленушілері. Абай облысының құрамасы алғашқы жарыс күні Жамбыл облысымен мини-футболдан ойнап, жеңіске жетті. Спорттық бағдарламада голбол, жеңіл атлетика, үстел теннисі, бочча, шағын футбол және қазақтың ұлттық ойындары: асық ату, бес асық, тоғызқұмалақ сияқты жарыстар қамтылған.

Айта кету керек, облыстық іріктеу кезеңінде «Жұлдызай-2024» ойындарына 130-дан астам жас спортшы қатысқан.

Абай облысы ББ баспасөз қызметі