Абай облысының оқушысы бақбақ гүлінен табиғи өнімдер әзірледі
Үржар ауданы, Қарақол ауылының 3-сынып оқушысы Айша Дәлелхан бақбақ гүлінен түрлі өнімдер жасауда. Ол жетекшісімен бірге халық медицинасында қолданылатын бақбақтың емдік қасиеттерін терең зерттеп, оны тағам ретінде қолдану мүмкіндіктерін көрсетуде.
Жоба барысында Айша бақбақтың ерекшеліктері мен пайдасын ашып, жапырақтарынан пайдалы салат жасап, гүлдерінен табиғи бал әзірлеуді үйренді. Бақбақ гүлінің теріге, асқазанға, бүйрекке және басқа ағзаларға пайдалы әсерін анықтап, өз зерттеулерін дәлелдеді.
Айша: «Мен бақбақтың гүлін ғана емес, жапырақтарын да пайдаланып, отбасым үшін пайдалы өнімдер жасағым келді. Бұл өсімдік — біздің табиғатымыздың байлығы, оны дұрыс пайдаланғанда денсаулығымызға көп пайда әкеледі», — дейді оқушы.
Айша бақбақтың жапырақтарынан салат жасап, оның дәмін отбасымен татып көрді. Сонымен қатар бақбақ гүлінен жасалған табиғи бал ас қорыту жүйесін жақсартуға және иммунитетті нығайтуға әсер ететінін атап өтті.
Бұл жоба Айшаның зерттеушілік қабілетін дамытып, өсімдіктердің дәрілік қасиеттеріне қызығушылығын арттырды. Зерттеу қорытындысы бойынша, бақбақ гүліне арналған шағын кітапша құрастырылды, онда өсімдіктің медицина және тағам саласындағы мүмкіндіктері сипатталды.
Айша Дәлелханның зерттеу жұмысы мектеп оқушылары арасында қызығушылық туғызып, ауыл тұрғындары үшін пайдалы ақпарат көзіне айналды. Алдағы уақытта Айша бақбақтан жаңа өнімдер жасап, көпшілікке таныстыруды жоспарлап отыр.
Жетекшісі: бастауыш сынып мұғалімі Айгүл Бекбаева.
Абай облысы білім басқармасының баспасөз қызметі.