Абай облысының оқушысы экологиялық таза энергия өндірудің тиімді жолын ұсынды

Абай облысы Бесқарағай ауданы Нұрлыбек Баймұратов атындағы мектептің 11-сынып оқушысы Алинур Исабеков баламалы энергетика бағытында зерттеу жүргізіп, Стирлинг қозғалтқышын электр энергия көзі ретінде пайдалануды ұсынады.

Ғылыми жетекшісі Мейрамғали Жексенаевпен бірлесіп, оқушы Стирлинг қозғалтқышының жұмыс істеу принциптерін зерттеп, оның электр энергиясын өндірудегі мүмкіндіктері мен тиімділігін анықтады. Бұл мақсатта Алинур қолдан жасалған қозғалтқыш үлгісімен тәжірибе жүргізіп, оның өнімділігін есептеп шықты.

Зерттеу барысында оқушы жарықдиодты шамдар, ұялы телефондар және басқа да гаджеттерді зарядтауға қажетті электр энергиясын өндіру мүмкіндігін көрсетті. Жұмыстың нәтижелері Стирлинг қозғалтқышының төмен қуатты электр құрылғылары үшін баламалы энергия көзі ретінде қолданылуы мүмкін екенін дәлелдейді.

Алинур Исабековтің бұл ғылыми жобасы баламалы энергия көздерін дамытуға арналған маңызды ізденістердің бірі ретінде бағаланып, болашақта экологиялық таза энергия өндіруге қосатын үлесі зор болуы мүмкін.

Абай облысы ББ баспасөз қызметі