Абай облысының оқушысы қалалық инфрақұрылым мен туризмді жақсарту үшін ar-веб қосымшасын әзірледі
Абай облысы, Семей қаласындағы №7 мектеп-лицейінің 11-сынып оқушысы Нұрлыхан Маратов қалалық инфрақұрылымды дамытуға бағытталған бірегей AR (толықтырылған шындық) веб-қосымшасын жасап шығарды. Бұл инновациялық жоба «Ақылды қала» бағдарламасы аясында жүзеге асырылып, қаланың инфрақұрылымын жобалау және жоспарлау тәсілдерін түбегейлі өзгертуді көздейді.
AR технологиясына негізделген қосымша болашақта құрылыс жұмыстарын аз шығынмен жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Пайдаланушылар мобильді құрылғылар арқылы жобалардың 3D-модельдерін қарап, QR-кодты сканерлеу арқылы болашақ ғимараттардың немесе ескерткіштердің үшөлшемді моделін шынайы ортада көре алады. Сонымен қатар олар нысандардың әрбір элементін барлық жағынан бағалай алады.
Қосымшада қаланың көрікті жерлері туралы ақпараттық және ойын-сауық мазмұндағы виртуалды гид-чат-бот бар. Бұл функция қалалық инфрақұрылыммен өзара әрекеттесуді жеңілдетеді: қолданушылар кафелерде алдын ала орын алып, емханаларға жазыла алады және туристік нысандарды тамашалау мүмкіндігіне ие болады. Сонымен бірге қосымша ауа райы болжамын, жол қозғалысы жағдайын және ауа сапасы туралы өзекті ақпаратты ұсынады.
Пайдаланушылар қосымша арқылы қала әкімімен интерактивті чат жүргізіп, қалалық билікпен тікелей байланыс орната алады. Бұл қала мен тұрғындар арасындағы кері байланысты жақсартуға ықпал етеді.
Нұрлыхан жасаған веб-қосымша қалалық инфрақұрылымды жаңғыртуға және жетілдіруге бағытталған. Толықтырылған шындық технологиясы арқылы тұрғындар қала құрылысы шешімдеріне қатыса алады. Мысалы, ескерткіштер мен ғимараттардың құрылысын қолдап, дауыс беруге және оларды жүзеге асыруға қаржылай қолдау көрсетуге мүмкіндік бар.
Өз жобасы туралы Нұрлыхан былай дейді: «Мен бұл жобаны тек технологияларды дамыту үшін емес, адамдардың өмірін жақсарту үшін жасадым. Қала тұрғындарының өз қаласымен тығыз байланыс орнатып, оның дамуына қатысуы өте маңызды дееп санаймын».
Нұрлыханның жобасы әлі де даму үстінде. Жақын арада «ақылды көлік» жүйесімен интеграциялану және қосымшаны Қазақстанның басқа қалаларында қолдану мүмкіндіктері кеңейтіледі. Сонымен қатар сәулет, дизайн және қалалық жоспарлау салаларына арналған білім беру құралдарына қосымшаны енгізу жоспарланып отыр.
Айта кету керек, Нұрлыхан бұған дейін QEFO.KZ жобасының, TableTech автоматтандырылған онлайн мәзірі мен алдын ала тапсырыс беру жүйесінің және Discover Abai туристік қосымшасының авторы ретінде танылды.
Абай облысы білім басқармасының баспасөз қызметі