Абай облысының оқушысы құқық негіздерін үйрететін ойын жасады

Бородулиха ауданының 9-сынып оқушысы Нурали Амангелдіұлы «Қарапайым ережелерден құқыққа» компьютерлік ойын әзірледі. Бұл ойын азаматтық құқық негіздерін оңай меңгеруге көмектеседі.

Құқықтық пәндерді оқу көп оқушыға қиын, ондағы заң терминдері мен теориясы күрделі. Мұны байқаған Нурали құқықты қызықты әрі қолжетімді етіп үйретудің жолын іздеп, ойын арқылы түсіндіруді ұсынды. Ол ойында шынайы өмірден алынған түрлі жағдайларға негізделген тапсырмалар жасап шығарды. Оқушылар осы тапсырмаларды орындай отырып, заңдарды оқып қана қоймай, оларды өмірде қолдануды, дұрыс шешім қабылдауды үйренеді.

Бұл жобаны жүзеге асыруда құқық негіздері пәнінің мұғалімі Қанат Елюбаев үлкен қолдау көрсетті. Ол ойын тапсырмаларының заңға сай болуын қадағалап, қажетті құқықтық кеңес берді. Ал информатика пәнінің мұғалімі Наталья Елюбаева техникалық жағына көмектесіп, бағдарламалау, интерфейс құру және құралдарды таңдауға бағыт берді.

Ойын құқықты үйрену процесін қызықты әрі интерактивті етіп, оқушылардың құқықтық сауатын арттыруға ықпал етеді. Сондай-ақ сыни ойлау мен логикалық талдау дағдыларын дамытып, саналы азамат болып қалыптасуына көмектеседі.

Абай облысы ББ баспасөз қызметі