Абай облысының оқушысы республикалық ойын жасау байқауында 1 миллион теңге жеңіп алды

Абай облысындағы «Білім-инновация» лицейінің 10-сынып оқушысы Жалғас Тукен республикалық GDC GameJam байқауында жеңімпаз атанып, 1 000 000 теңге иеленді.
Бұл байқауды Astana Hub пен Grand Mobile ұйымдастырған. Онда еліміздің әр өңірінен келген 25 команда қатысты. Ойын шарты бойынша бір апта ішінде өз ойынын жасап шығулары керек. Жалғас осы сайыста «Bombergirl» мобильді ойнын ұсынып, бас жүлдені жеңіп алды.
Ойынның мазмұны бойынша, бас кейіпкер Холли туған қаласын вирус пен техникалық ақаулардан құтқаруы тиіс. Ойын барысында түрлі тапсырма орындап, сюжет бойынша жаңа мәлімет ашылады. Қаланың тұрғындарына көмектесу үшін әртүрлі кедергілерден өту қажет.
«Bombergirl» ойыны Unity платформасында жасалып, C# бағдарламалау тілінде жазылған. 2D форматта әзірленген жоба өзіне тән көркемдік стилі, жарық пен дыбыс эффектілерімен ерекшеленеді. Ойын картасы әр жолы жаңа алгоритммен автоматты түрде жасалады. Сондықтан әр ойнағанда жаңа орта пайда болады.
Қазір ойын Play Market-ке шығуға дайындалып жатыр. Алдағы уақытта iOS жүйесіне де бейімделмек. Қазіргі таңда ойын тек ағылшын тілінде, бірақ болашақта қазақ, орыс және басқа тілдер қосу жоспарда бар.
Жалғас болашақта бұл ойынды дамытып, жаңа деңгейлер қосу, монетизация енгізу және кәсіби студиялармен бірлесіп жұмыс істеуді жоспарлап отыр. Жүлдеден түскен қаржыға ол кәсіби суретші жалдап, техникалық құрал-жабдықтарын жаңартпақ.
Абай облысының Білім басқармасының баспасөз қызметі