Абай облысының студенттері дауыстық басқару жүйесі бар инновациялық контейнерлер жасады
Абай облысындағы IT және жаңа технологиялар колледжінің студенттері экологиялық мәдениетті арттырып, қалдықтарды сұрыптауды жеңілдетуге бағытталған жоба ұсынып отыр. Олар қалдықтарды жинауға арналған контейнерлерге дауыстық басқару жүйесін енгізіп, «Көмекші» жобасын жасап шығарды.
Пластикке, қағазға және тұрмыстық қалдықтарға арналған стандартты контейнерлер интеллектуалдық технологиялармен жабдықталды. Жүйе пайдаланушы мен контейнер арасындағы әрекетті арнайы дауыстық ассистент арқылы жүзеге асырады.
Контейнерлерді басқару «Көмекші» командасы арқылы орындалады. Әр контейнер белгілі бір шикізат түрін анықтауға бейімделген:
- «Пластик» командасы берілгенде, контейнер пластикалық қалдықтарды қабылдайды;
- «Қағаз» деген бұйрық арқылы қағаз қалдықтарын жинауға арналған контейнер ашылады;
- Ал «Қоқыс» деген сөз тұрмыстық қалдықтарды жинайтын жәшікті іске қосады.
Бұл жоба қалдықтарды сұрыптау үдерісін баршаға қолжетімді әрі қарапайым етуді көздейді. Жобаны жасаушылардың айтуынша, мұндай инновация қайта өңделетін материалдарды тиімді жинауға мүмкіндік беріп, экологиялық сананы қалыптастыруға ықпал етеді.
Сонымен қатар жүйе мүмкіндігі шектеулі жандар үшін өте ыңғайлы, қолайлы етіп жасалған.
Қазіргі уақытта шығармашылық топ жобаны жетілдіру жұмыстарын жалғастыруда. Алдағы уақытта жүйеге контейнерлердің толуын бақылау және уақтылы босату қажеттігі туралы ескерту функциялары қосылмақ.
Абай облысының Білім басқармасының баспасөз қызметі