Абай облысының студенттері Worldskills чемпионынан тәжірибе алуда

ІТ және жаңа технологиялар колледжінде «Ақпараттық кабельдік желілер» тақырыбында тұрақты түрде шеберлік сабақтары өтеді. Бұл сабақтарды республикалық чемпионаттың жеңімпазы және WorldSkills Lion-2024 байқауының қатысушысы Талғатов Дастан сияқты тәжірибелі мамандар жүргізеді. Осындай сабақтардың арқасында студенттер халықаралық деңгейде танылған кәсіби шеберлердің білімін меңгеріп, тәжірибесін бөлісіп, жаңа технологиялармен танысады.

Шеберлік сабақтарында студенттер заманауи Fujikura құралын қолданып, талшықты-оптикалық кабельдерді кесу және дәнекерлеу сияқты негізгі үдерістерді меңгереді. Дастан Талғатов «Ақпараттық кабельдік желілер» мамандары мобильді байланыс, интернет және өзге де маңызды телекоммуникация жүйелерінің негізін қалайтындығын студенттерге түсіндіреді.

«Біз цифрлық болашақты қалыптастырып жатырмыз, ал студенттерді озық технологиялармен жұмыс істеуге үйрету – осы жолдағы маңызды қадам», – дейді Дастан. «Біздің мамандар желілерді төсеуден бастап «ақылды» технологияларды енгізуге дейінгі мәселелерді шешіп, заманауи өмірдің ажырамас бөлігіне айналған байланыс пен ақпаратқа қолжетімділікті қамтамасыз етеді».

Сонымен қатар студенттер телекоммуникация саласының түрлі аспектілерімен, оның ішінде бейнебақылау желілерін орнату, жергілікті және жаһандық есептеу желілерін баптау, сондай-ақ «ақылды үй» жүйелерін енгізу сияқты жұмыстармен де танысады. Осындай сабақтар жастарға телекоммуникация саласында көшбасшы болуға және жаңа идеяларды енгізуге мүмкіндік береді.

Колледждің білікті оқытушылары өз студенттерін кәсіби шыңдарға жетелеу мақсатында, 2024 жылдың қарашасында өтетін республикалық кәсіби шеберлік чемпионатына дайындық жүргізуде. Осындай іс-шараларға қатысу студенттерге болашаққа есік ашып, алған білімдерін іс жүзінде қолдануға және инновациялық әрі сұранысқа ие мамандықтарда өзін дамытуға жол ашады.

Шеберлік сабақтары білім беру үдерісінің бір бөлігі болып, студенттердің жан-жақты дамуына және қазіргі еңбек нарығына сай маман болуына бағытталған.

Абай облысы Білім басқармасының баспасөз қызметі