Абай облысының Worldskills Lyon 2024 жеңімпаздары марапатталды

Францияның Лион қаласында өткен WorldSkills Lyon 2024 халықаралық кәсіби шеберлік чемпионатында Абай облысының студенттері ел намысын қорғап, жоғары нәтижелерге қол жеткізді. Олар «Үздік медальон» иеленіп, Қазақстанның кәсіби шеберлік саласындағы абыройын асқақтатты.

Чемпионаттан оралған студенттерді Абай облысының әкімі салтанатты түрде қабылдап, арнайы құттықтады. Әкім өз сөзінде жас мамандардың бұл жеңісін облыстың және жалпы елдің болашағы үшін маңызды деп атап өтті. Ол студенттердің осындай жетістіктерге жетуіне атсалысқан жетекшілері мен оқытушыларына алғысын білдіріп, жас таланттарды қолдауға дайын екенін жеткізді.

«Біз сіздер мақтан етеміз. Қай кезде де қолдау білдіруге дайынбыз. Облыста оқушылардың лайықты білім алуы үшін бар жағдай жасалуда. Семейде Оқушылар сарайы салынып жатыр. ІТ бағыттағы жаңа мектептің құрылысы аяқталды. Мұның барлығы сіздер үшін. Алдағы уақытта бұдан да биік белестерді бағындыра беріңіздер»,- деді облыс әкімі.

Облыс намысын абыроймен қорғап қайтқан студенттер мен жетекшілеріне ақшалай сертификаттар табыс етілді.

 Айта кетейік, 10-15 қыркүйек аралығында өткен бұл чемпионатта әлемнің 70 елінен келген қатысушылар 30 түрлі құзырет бойынша жарысқа түсті. Қазақстандық команда құрамында Абай облысынан қатысқан Тимур Бабенко мен Эльнар Жуасбаев «Мобильді робототехника» құзыреті бойынша үздік нәтиже көрсетті. Олардың жеңісі облыстың кәсіби білім беру жүйесінің жоғары деңгейде екенін дәлелдеді.

Абай облысынан чемпионатқа төрт құзырет бойынша бес студент қатысып, барлығы өз салаларында жоғары біліктілігі мен шеберлігін көрсетті. Облыс әкімі бұл жетістіктердің болашақта да жалғасын табатынына сенім білдірді.

Абай облысы ББ баспасөз қызметі