Абайлық оқушы өртке қарсы роботымен форумда жүлдеге ие болды

Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясының бастамасымен елімізде алғаш рет мектеп оқушыларына арналған Жас зерттеушілер форумы өтті. Мақсаты – ғылыми ойлау дағдыларын дамыту, шығармашылық ізденістерді қолдау және ғылымды кеңінен насихаттау.
Іс-шараға ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев, академиктер, білім басқармаларының басшылары, жас ғалымдар және еліміздің түкпір-түкпірінен келген 400-ден астам дарынды оқушы мен олардың ғылыми жетекшілері қатысты.
Форум аясында «Үздік ғылыми әзірлеме» номинациясы бойынша Абай облысы Жасұлан ерлер лицейінің 10-сынып оқушысы Әлімжан Рақымжан «Жоғары дәлдіктегі, өрттің алдын алатын робот-машина» жобасымен III дәрежелі дипломмен марапатталды.
Роботты сыныптасы Әмірәлі Сәдуевпен бірге екі айдың ішінде құрастырған. Құрылғы өрт шыққан жағдайда автоматты түрде су шашып, отты сөндіреді, GSM модуль арқылы иесіне қоңырау шалып, оқиға орнын GPS координаттармен хабарлайды. Сонымен қатар ауадағы зиянды газдарды анықтайтын сенсорлармен жабдықталған.
Жобаның ғылыми жетекшісі – информатика және робототехника пәнінің мұғалімі Мәдина Қалғабаева.
Оның айтуынша, келешекте құрылғыға жасанды интеллект элементтерін енгізу көзделіп отыр. Бұл роботты тұрмыста ғана емес, қоймалар мен өндірістік нысандарда да қолдануға мүмкіндік береді.
Инновациялық жобамен еліміздің Төтенше жағдайлар департаменті де қызығушылық танытып, құрылғыны тексеру жоспарда бар екенін мәлімдеді. Еске салсақ, робот бұған дейін Түркияда өткен халықаралық чемпионатта жүлделі үшінші орын алды
Форум қорытындысында ҚР Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясы жанынан Жас зерттеушілер академиясын құру туралы шешім қабылданды.
Абай облысының Білім басқармасының баспасөз қызметі