Адамзаттың келесі мекені қайда?

Ғарыш кеңістігі туралы жаңалықтар соңғы жылдары бұрын-соңды болмаған қарқынмен көбейіп келеді. Әсіресе астрономдар Жерге ұқсас, тіршілікке қолайлы болуы мүмкін планеталарды іздеуге ерекше мән беріп отыр. Жуырда ғалымдар Күн жүйесіне салыстырмалы түрде жақын орналасқан GJ 887 атты қызыл ергежейлі жұлдыздың айналасында жаңа планеталар жүйесін анықтады. Бұл жұлдыз бізден небары 10,7 жарық жылы қашықтықта орналасқан. Бұған дейін оның маңында екі планета бар екені белгілі болса, соңғы зерттеулер тағы екі аспан денесін растады. Осылайша жұлдыз жүйесіндегі планеталардың жалпы саны төртеуге жетті.
Адамзаттың ғарыштық әлемге көз тігуі кездейсоқ құбылыс емес. Жер бетінде халық саны өсіп, табиғи ресурстарға қажеттілік ұлғайған сайын «адамзаттың болашағы қайда?» деген сұрақ та жиі қойыла бастады. Тіпті Жер планетасындағы ресурстар 1,5 млрд адамға ғана шақталған деген де пікір бар. Осыдан болар, кейбір ғалымдар ұзақ мерзімді перспективада адамзаттың бір ғана планетада өмір сүруі қауіпті деген ой айта бастады. Өйткені ғарыштық апаттар, ірі астероидтардың соқтығысуы немесе ғаламдық климаттық өзгерістер өркениет тағдырына әсер етуі мүмкін.
Соңғы жылдары ғарыштық көші-қон туралы батыл жобалар ұсынған тұлғалардың бірі Илон Маск. Оның жетекшілігіндегі SpaceX компаниясы адамзатты болашақта басқа планеталарға қоныстандыру идеясын ашық айтып келеді. Кәсіпкердің айтуынша, адамзат «бір ғана планетаның өркениеті» болып қалмай, көп планеталы өркениетке айналуы тиіс. Осы мақсатта Марсқа адамдарды жеткізе алатын алып зымыран жүйелері жасалып жатыр.
Масктың негізгі жоспары адамзаттың алғашқы тұрақты колониясын Марс планетасында құру. Өйткені Марс – Күн жүйесіндегі Жерге ең ұқсас аспан денелерінің бірі. Онда тәулік ұзақтығы Жерге жақын, жыл мезгілдері бар, полярлық мұз қабаттары кездеседі. Алайда бұл планетада атмосфера өте жұқа, радиация деңгейі жоғары, температурасы қатты суық. Сондықтан адамзаттың Марста ұзақ уақыт өмір сүруі үшін технологиялық тұрғыдан аса күрделі шешімдер қажет.
Ғалымдардың айтуынша, адамзаттың басқа планетада толыққанды өмір сүруі бір ғана технологиялық мәселе емес. Бұл биология, медицина, психология және экология салаларын қамтитын күрделі жүйе. Адам ағзасы Жердің гравитациясына, атмосферасына, магнит өрісіне бейімделіп қалыптасқан. Ал басқа әлемдердегі орта мүлде өзгеше болуы мүмкін. Ғалымдардың есептеуінше, Күн жұлдызының жалпы ғұмыры шамамен 10 миллиард жылға созылады. Қазір оның жасы 4,6 миллиард жыл шамасында. Демек, теориялық тұрғыдан Жер планетасы әлі 4-5 миллиард жыл тіршілікке қолайлы болып қала алады. Бірақ бұл тек астрономиялық уақыт өлшемі ғана. Өркениеттің тағдыры бұдан әлдеқайда ертерек өзгеруі мүмкін.
Қазіргі әлемдегі геосаяси шиеленістер де адамзатты ойландырмай қоймайды. ХХ ғасырда пайда болған ядролық қару адамзат тарихындағы ең қауіпті технологиялардың бірі. Бүгінде әлемде 15 мыңға жуық ядролық оқтұмсық бар. Теориялық тұрғыдан алғанда, кең ауқымды ядролық соғыс орын алса, оның салдары тек мемлекеттерді ғана емес, бүкіл планетаның экожүйесін күйретуі мүмкін. Әрине, мұндай сценарий адамзат жер бетінен толықтай жойылып кетеді дегенді білдірмейді. Бірақ өркениеттің дамуына орасан зиян келтіретіні сөзсіз. Сондықтан да бүгінгі ғылым мен саясаттағы маңызды міндеттердің бірі – бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтау. Өйткені мыңдаған қуатты ядролық қарулардың жарылысынан Жер планетасы өз осьінен шығып кетуі де мүмкін деген пікірлер ғалымдар арасында айтылып қалады.
Ғарыштағы жаңа планеталардың табылуы, Марсқа ұшу жобалары, алыс жұлдыз жүйелерін зерттеу адамзаттың тек техникалық жетістігін ғана емес, оның болашаққа деген алаңдаушылығын да көрсетеді. Адам баласы ғарышты игеруді армандайды, бірақ сонымен бірге өз планетасының қадірін де терең түсіне бастады. Өйткені әзірге адамзат үшін ең қолайлы мекен – Жер. Басқа әлемдердегі өмір туралы арман ғылымды алға жетелейді. Бірақ адамзаттың шынайы болашағы ең алдымен өз планетасын сақтап қалуға байланысты екені анық.


