Әділет министрі ДЗМҰ Ассамблеяларында Қазақстанның зияткерлік меншік саласындағы тәсілдерін таныстырды

ҚР Әділет министрі Ерлан Сәрсембаев 2025 жылғы 8-17 шілде аралығында Швейцарияның Женева қаласында өтіп жатқан Дүниежүзілік зияткерлік меншік ұйымына (ДЗМҰ) мүше мемлекеттер Ассамблеяларының алпыс алтыншы сессиясына қатысты. Қазақстан делегациясы дәстүрлі түрде ДЗМҰ Ассамблеяларына белсенді қатысады. Аталған форумды зияткерлік меншік саласындағы жаһандық күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді талқылайтын маңызды алаң ретінде қарастырады.

Ассамблея жұмысы аясында Әділет министрі ДЗМҰ Бас директоры Дарен Тангпен кездесу өткізді. Кездесу барысында Қазақстан мен ДЗМҰ арасындағы ынтымақтастықтың басым бағыттары талқыланды. Осы тұрғыда ҚР Президенті биылғы 28 қаңтарда Көзі көрмейтін және көру қабілеті төмен немесе баспа ақпаратын қабылдауға мүмкіндігі шектеулі тұлғалардың жарияланған туындыларға қолжетімділігін жеңілдетуге бағытталған Марракеш келісіміне қол қойғаны маңызды оқиға ретінде атап өтілді. Сонымен қатар, Қазақстанның зияткерлік меншік компонентін қамтитын Ұлттық инновациялық стратегиясын әзірлеу, Орталық Азиядағы өңірлік бастамаларды дамыту, зияткерлік меншікті қорғау саласында цифрландыру мен жаңа технологияларды ілгерілету мәселелері қаралды.

Министрдің сапар бағдарламасындағы маңызды сәттердің бірі – ДЗМҰ ұйымдастырған зияткерлік меншік саласындағы саясат мәселелері жөніндегі министрлік деңгейдегі бейресми диалогқа қатысуы болды. Бұл диалог барысында 20 елдің министрлері өміршең инновациялық экожүйелерді қалыптастыру, жаңашылдық пен шағын бизнесті қолдаудың тиімді тетіктерін іздеу, сондай-ақ экономикаларды цифрлық технологиялар мен терең ғылымның қарқынды дамуына бейімдеу мәселелерін талқылады. Қатысушылар зияткерлік меншіктің идеяларды коммерцияландырудың қозғаушы күшіне айналуы және жаһандық демографиялық әрі технологиялық өзгерістер дәуірінде әртүрлі елдер мен ұрпақтарды біріктіретін фактор бола алатынына назар аударды. Ерлан Сәрсембаев Қазақстанның ұлттық инновациялық жүйесін дамыту жолындағы көзқарасын таныстырып, елдің инклюзивті және тұрақты инновациялық болашақты құру үшін халықаралық қауымдастықпен белсенді ынтымақтастыққа дайын екенін атап өтті.

Сондай-ақ Ассамблеялар аясында Әділет министрінің Индонезия, Сингапур, Өзбекстан және Грузия делегацияларының басшыларымен бірқатар екіжақты кездесулері өтті. Тараптар зияткерлік меншік, қызметтерді цифрландыру, озық тәжірибелермен алмасу және кадрлар даярлау саласындағы ынтымақтастықты дамыту туралы пікір алмасты.