АҒАМ БАР ЕДІ…

Сен өзі Қарағандыға келгенде жан-жақта жүрмей үйге келші, ағатай. Жаныңа қанша адам ертіп келсең де ренжімеймін.
Руслан ағам мен кенді қалаға барған сайын осылай деп зілсіз зекитін. Язев көшесіндегі екі бөлмелі пәтері кішірек болса да көңілі даладай, мінезі баладай еді жарықтық.
Сол Руслан мен Жарқын ағам мектепте оқып жүрген жылдары Бостандықтағы Күләндә әжеміздің үйіне келе қалсын. Әжеміз шахтада жұмыста. Жаздың күні. Бауырлары Жандардың өсіріп отырған қояндарын тамашалайды. Бақшадан жеміс-жидек тереді. Үшеуі немере ағайын. Жарқын әжептәуір ересек. Руслан мен Жандар тете. Қонақтарға Жандар картошка қуырып жібермекші болады. Ауылдан Ақшатауға қыдырып келіп, қарындары ашқан жігіттерге жай ғана картошка жұғын бола ма? Қоян қорасына қайта апарып:
– Ә, мыналарың әлді екен. Өзің өсірдің бе!
– Иә. Әзірге арықтау. Күзге таман семіртіп, соямын.
– Біз мына семіздеуін жейік те.
– Жоқ. Әлі кішкентай.
Азар да безер болған бауырларының оңайлықпен қоянды бермейтінін білген соң ағайындылар айлаға көшеді. Үйде нанның жоғын сылтауратып, жасының кішілігін меңзеп Жандарды дүкенге жұмсап жібереді. Бостандықта дүкен жоқ. Орталыққа қарай баруы керек.
Жандар келген уақытта қос қонақ бақшадан жиған қызанақ пен қиярдан салат жасап, буын бұрқыратып қоян етінен қуырдақ дайындап, картошканы да молынан турап дастархан жасап қойыпты. Ойында дым жоқ Жандар екі ағасымен әрнені айтып әзілдесіп отырып, тамаққа тыңқия тойып алады.
Бір кезде картошка ғана қуырамын деген бала жымың-жымың етіп отырған жігіттердің қоянды сойып, қуырып жібергенін түсінеді ғой. Содан солқылдап жыласын. Ағалары одан да күшті қоян әкеп беретіндерін айтып, екі жақтап бауырларын әрең қойдырады.
Айта берсе осындай қызықтары көп. Руслан ағамыздың іс-әрекеттерін ағайын-туыс, дос-жарандары әлі күнге әңгімелеп отырады. Күліп еске алады. Ушан деп еркелете сөйлейтіндері де содан. Нашар адам болса есімін дүңк еткізіп, Руслан деп отыра берер ме еді.
Аңғал, әзілқой, жомарт, мәрт… Кейде шарт кетіп, боқтап тастауы мүмкін. Кез келген кемшілікті бетке айтатын мінезінен айныған емес. Біраз уақыт өткенде «мозга неме» деп жымиып, шақшасын жағасына сүрте салады да, ашуланғанын өзі де ұмытып жүре береді.
Бір басына бірнеше игі қасиетті тоғыстырған Руслан Естайұлы 15 жыл темір жолда жұмыс істеді. Қарағанды-Москва бағытында жолсерік болды. Пойызбен сапарлаған сайын, ағамыздың көзін көрген, қызметтес болған әріптестеріне елеңдеймін, сұрастырамын.
Бірде Ақтөбеден Астанаға жолға шықтым. Аялдап тұрған уақытта жолсерікті сөзге тарттым. Таниды екен. Менің Руслан Кәріпжановтың бауыры екенімді естіп, жан-жақтан қаумалап, бірнеше әріптесі қоршап алды. Қайтыс болғанда Қарағандыға жете алмағандарын айтып, құшақтап, көңіл айтып жатыр. Бір купеге арнайы дәм әзірлеп, өзімді ортаға алып біраз қауқылдастық.
– Ешкімді сатпайтын. Бәріне көмектескісі келіп тұратын.
– Жақсы адам еді. Ол өте адал болатын.
– Мына пойыздың пешін жағамын деп қыстың күні де тамбурға жеңіл шыға салатын. Көмір мен оттың ысы әсер етті-ау.
– Иә. Өкпесін құртқан сол улы заттар ғой.
– Бұл өзі жолсеріктерде жиі ұшырасатын диагоноз.
Әріптестерінің әңгімесінен түсінгенім Русланның денсаулығына, өкпесіне жұмысының зияны көп тиіпті. Әттең деймін іштей. Қамығып қаламын. Кеудеме өксік тығылады. Бірақ ақжарқын теміржолшылардың ағамның мықты азамат екенін айтқан сайын тәубеме келіп, өзімді сабырға шақырамын. Батыстан Арқаға жөңкіп келе жатқан пойыздың ішіндегі қаншама адам дүниеден ерте өтіп кеткен туысың туралы жылы сөз айтқанда мерейің өсетіні сөзсіз.
Алматыдан Астанаға көшіп келген алғашқы жылдар еді. Жеңем Ләйлә хабарласқан.
– Руслан ағаң аздап сырқаттанып қалды.
– Неге, қай жері? Айғайлап жіберсем керек.
– Түк етпейді. Өкпесі ғой. Қазір онкологиялық орталықта емделіп жатыр.
– Барамын, ертең келемін…
Көңіл құлазып сала берген. Сыртқа шығып, тасалау жерге барып жылап жіберіппін. Сол тасалау жерге жеткенше өзімді әрең ұстадым. Естай әкеміз де қырықтан аса берген жасында өкпе дертіне шалдыққаны есіме түседі. Енді дәл қырықты еңсере бергенде Ушан ағамды торауылдағанын қарашы деймін тістеніп.
Түнімен дөңбекшіп, ертеңіне Қарағандыға тарттым. Ағам аурухананың кең дәлізіндегі орындыққа жайғасыпты. Еңсесі түсіңкіреп, бір нүктеге қадалып ойланып отыр екен. Жандар екеуміз барғанбыз. Сергіп қалғандай әсер етті.
– Ей, мозга неме. Келші. Ерекше мейіріммен қапсыра құшақтады.
– Аға-ау, не жатыс мынау?
– Өй, білмеймін әкең. Өткен жылы медосмотрдан өткенде тап-таза еді.
– Түк те етпейді. Қазір дамыған заман. Ертең-ақ аттай шауып, сауығып шығасыз.
– Қайдан білейін. Жүз грамм мен шақшаны да қойып кетіп едім. Содан ба екен.
– Қайдағыны айтасыз. Жүз граммға зияныңыз жоқ қазақсыз ғой. Бізді де жолатпайтынсыз.
Өткен-кеткенді айтып, ұзақтау шүйіркелестік.
Жандар екеуміз көңілді шыққанбыз. Ушан ағамыз бір аунап тұрып, қатарға қосылады деген сенім басым еді. Саумал, қымыз ішіп, жақсылап күтінсе, дәрігерлер де дұрыс қараса бәрі артта қалады дейміз.
Жеңгеміз қымбат дәрі, мықты маман, оны айтасыз Алматыдағы психологтарға да апарды ғой. Емі жүйелі, жақсы. Үйге де шыққан.
Бір топ журналистпен Қарқаралыдан тынығып келе жатып, Қарағандыға аялдағанда звондадым. Ешқайда алаңдамай үйге тоқта деді. Біздің келетінімізді естіп, сыртта тағатсыздана күтіп жүр екен. Химия деген пәледен шаш пен қас түсіп, денесі ісініңкіреп қалыпты. Алайда көңіл-күйі көтеріңкі, бәрін еңсергендей, ауыртпалықтың көбі артта қалғандай сезілді.
Мол дастархан, кең пейіл әдеттегідей. Астанаға шаттанып аттандық.
Одан кейін бір барғанымда жергілікті ақын-жазушы жігіттермен жолығып, Язев көшесінен алшақтау жүргем. Келгенімді естіп, өзі хабарласты:
– Ей, мозга неме, неге келмейсің үйге?
– Аға, арнайы келемін бір күні. Жанымда жігіттер бар.
– Бәрібір. Соқ, қонып кет үйге.
Содан не керек. Язев 7 көшесіндегі үйден Бағдат Мүбәрак, Нұрлан Әбілдин, Абыл Табылдыұлы, Алмаз Мырзахмет сынды азаматтар дәм татып кетті. Кіммен жүрсем де ерте барамын. Бірде Абыл екеуміз арнайы барып қонып кеттік. Өзі томаға-тұйық адам сияқты еді. Әңгімелескісі келіп тұрады.
– Сен жиі келіп тұр. Сыртта тығылып ішкенше, көзімше келіп іш! Сөз бен көз көп. Әңгімеге, төбелеске ілігіп қаласың. Қызметтегі адам емессің бе.
– Жарайды, аға. Мен өзі Қарағандыға келгенде ғана еркелеймін. Астанада еркінсуге уақыт та бола бермейді.
– Білемін. Сондықтан келген бетте біздің үйге тарт.

Руслан ағамыз толық емделіп, жазылып кетті деп алаңсыз жүрген кезіміз-тін. Күнгей жақтан жер алып, үй салып жатыр дегенді естіп шын қуандық. Ол шаңырақ тұрғызылып жатқан кезде де арнайы шақырып, аға-досымыз Қамбар Ахмтетов пен біздің отбасы қонақ болдық. Көктем мезгілі. Қыстан енді шығып жатқанбыз. Әмина мен Еңлік аулада асыр салып ойнап, ағам шашлык жасап, одан шығып жеңгемнің бауыры Қайыржанның «Көгілдір тоғандар» ауданындағы баспанасына барып, молынан отырыс ұйымдастырылды.
Уақыт өтіп жатты. Ертең сенбі деген бір күні Руслан ағам звондайды:
– Сен ертең Қарағандыға келіп кетсейші.
– Тыныштық па, аға?
– Жай. Іш пысып кетті. Мына жерде пловты қатырып жасайтын бір жер таптым. Соған барайық. Байшолақовпен таныстырамын.
– Жарайды.
Екеуден екеу. Қарағандының Оңтүстік-Шығыс ауданын әбден шарладық. Аталар болмысы, әжелеріміздің әңгімелері, әкелеріміздің тағдыры жайлы сөз қозғалып, ұрпақ жайына ойысты. Ағам айтады, мен тыңдаймын. Ермұханның дзюдодағы жетістіктерін, соның болашағын көп айтады. Спорттың әділетсіздікке толып кеткеніне, тамыр-таныстың ғана дәурені жүріп тұрғанына күйінеді. Айханның жақсы оқып жүргеніне сүйсінеді. Еңлігінің қылықтарын әңгімелеп мәз болады.
– Қандай жағдай болмасын, бауырлар бір-біріне сүйеу болуы тиіс. Тұрмыс, мәселе ешқашан бітпейді. Түкке тұрмайтын дүниелерге бола араласпай кеткен ағайындар қаншама. Өмір қып-қысқа. Тірлігінде қадірін білмегесін, ертең көз жазып, аңырағаныңнан не пайда?
Руслан ағамның іші толып-ақ қалыпты. Ағаланы-інілі екеу аяңдап, палау жасайтын өзбектің асханасына да жеттік. Ол жерде әйгілі балуан Жанат Байшолақов та отыр екен. Ағаммен алдын ала келісіп қойған сыңайлы. Екеуі Қарағанды күресінің дамуы жөнінде пікір алмасып, жақсы отырды. Бұл Ушан көкем теміржолшы екен десем нағыз спорт сарапшысына айналыпты. Мәселені бүге-шігесіне дейін төңкеріп, шешу жолдарына дейін көрсетеді. Жанат Байшолақов та соншалықты байыпты, сабырлы тұлға. Үндемей тыңдайды, келісетін тұстарында бас шұлғып, өз кезегінде пікірін де айтады.
Мен Қарағандыға келгесін әдеттегідей қипақтай бастадым. Алмаз досыммен уағдаласып қойғам. Ол сол жылдары Қарағандыда тұратын. Кешке кездесіп, бірер сыра ішейік деген келісім ғой сондағысы. Менің сағатыма қарай бергенімді, тынышым қашқанын сезген ағам да ыңғайланды. Айтқандай-ақ палаудың дәмі тіл үйіреді екен.
– Ей, мозга неме, сен бір жерге қайқайғың кеп отыр ғой?
– Жаңа жігіттермен жолығам деп уәде беріп қойып едім.
– Сен жолығып, екі сағаттан кейін жігіттеріңді үйге ертіп кел. Ләйлаға ет салдыртып қоямын.
– Сол жаққа қона салайын да.
– Көп сөзді қой, давай. Жеңгеңе ескертіп қойдым. Үйде саған деп сақтап қойған қымбат виски бар.
Амалсыз бас изеп, жөніме кеттім. Екі сағаттан кейін звондады. Алмаз екеуміз келдік. Жеңгем әдеттегідей зыр жүгіріп жүр.
– Тура келдіңдер. Еттің нанын салғалы жатыр едім. Төрге шығыңдар.
Руслан ағам вискиін шығарып, баппен досым екеумізге құйып берді.
– Мына мозгаға айтамын, сыртта қаңғымай үйге кеп іш деп. Алмаз та ыңғайсызданып отыр.
– Бекер әуре болғансыздар, аға.
– И, әуресі несі? Бір бауырым мен достарын күте алмасақ неғып отырмыз.
Екі-үш рөмке босағасын өзіміз де еркінси бастадық. Руслан ағам біз отырған дөңгелек үстелден арырақ барып, қимылымызды алыстан бақылап, жастығын шынтақтап күлімсірейді. Үйіне қонаққа келгенімізге разы. Біздің ішкенімізді қызықтап, рахаттанып жатыр.
Көп ұзамай Ақтөбеге ауыстық. Телефонмен ғана хабарласып жүрдік. Карантин деген түсініксіз, үрейлі кезең басталды.
Әбден сауығып, тыңайып қалған ағамды да сол Коронавирус жығып тынды.
Жағдайы сәл нашарлап, әлсіреп қалыпты дегенді естігенде де үмітті үзбеп едік. Бірақ алатын ажал алмай қоймайды екен ғой.
Көлікпен Ақтөбеден Алматыға іссапарға шыққан бетіміз еді. Қызылордаға таяғында Жарқын ағам қаралы хабарды телефон арқылы естіртті. Алматыдан әкемізді алып, Сарышағанда жүрген Эльдар бауырымды ілестіріп Ақтөбеден тоқтамаған күйі Қарағандыға жеттік.
Қалың нөпір ағайын жиналыпты. Өзі тұрғызған кең үйде аз ғана тұрақтап, Руслан ағам да өтіп кете барды. Карантинді сылтауратып, Ушанымыздың мәйітін шаңырағына да кіргізбей, көліктен түсірмеген күйі арнайы мамандар барып жер қойнына тапсырды.
Сол жолы Ермұхан, Айхан, Марғұлан балаларыңның ұнжырғасы түсіп, ерте есейіп кеткендей көрінген. Асыл Русланымыздың туған ағасы Орынғазы да ерекше егіліп, солқылын баса алмай, бейіт басында тұрғанда таудай бейнесі көз алдымызда шөгіп кеткендей болды ғой. Тура бір жыл өткенде сол Ока көкеміздің де алып денесі құлап, әлсіз жүрегі тоқтайды деп ойладық па.
Бейіт басынан келіп, аста отырғанымызда әркім естелік айтып жатыр. Ет жақындарынан ертерек айырылып, бір уыс болып отырған біздің әкемізге де сөз берілді. Жүргізіп жүрген жігітке сөз бермей-ақ қой деп о баста ескертіп те қойып едік. Ауызына микрофон тақаған соң амалсыз орнынан көтерілді:
– Құлынынан айырылған Иісжан жеңгеме, күйеуінен ерте айырылып отырған Ләйлә келініме, әкелерінен айырылып қалған балаларыма не деп көңіл айтайын, – деп жан-жағына шарасыз қарап, орнына сылқ етіп отыра қалған сәттер ұмытыла ма?
Бес жыл өте шығыпты. Өмір өтіп, өзен ағып жатыр. Бұрын «қамшының сабындай қысқа ғұмыр» деген түсінікті «құстың тұмсығындай ғана қысқа» екеніне көз жеткізіп кеттіңіз.

Орнында бар оңалар деп тірілер тіршілігін жалғап жүр. Аллаға мың тәубә. Ермұханың отау құрды. Өз әжесін, нағашы атасы мен әжесін ерте барып, сонау Ақтөбеден келін әкелді. Айханың мектеп бітіріп, білімін жалғамақшы. Еңлік те гүлдей құлпырып, өсіп келеді. Марғұлан балаң да үйленгелі жүр. Серік көкеміз Жезқазғанда. Торқалы той, топырақты өлімге келіп тұрады. Жарқының мен Жасұланыңның, Жандардың ұл-қыздары өсіп келеді. Жадыра апаң да әже атанған. Иісжан шешеміз, Рухият жеңгең де күйлі-қуатты.
Біз өзі азбыз, береке-бірлігіміз мығым болсын деуші едіңіз. Сол аманат көкейден кетпейді. Бірақ кейде аманатқа қиянат жасап қоямыз.
Өткенде Жандар бауырыңның елу жасына бара алмай қалғам. Ол да өзің сияқты іштен тынатын адам ғой. Үндемеген. Мейрамгүл жеңгеммен телефон арқылым сөйлескенімде біздің яғни бауырларының келмей қалғаны жанына батыпты: Өзі күліп жүрсе де, жүрегі жылап жүрді ғой деп, жеңгемнің тіліп түспесі бар ма?
Бірді айтып бірге кетіп барады екем. Осымен тоқтай қалайын.
«И, мозга неме», – деп қапсыра құшақтай алатын кездеріңізді сағынып кеттік.
Асыл рухың шат болсын, аға!
Мирас МҰҚАШ




