Air Astana алғашқы 6Y С-Сhесk техникалық қызмет түрін көрсетуді аяқтады
Air Astana әуекомпаниясы Астанадағы өзінің инженерлік-техникалық орталығында 6Y C-Check қызмет көрсетудің күрделі түрі бойынша жұмыстарды сәтті аяқтады. Әуекомпания EASA халықаралық аудитінен өтіп, жұмыстың осы түрін өз күшімен жүргізуге лицензиясын биыл алған.
6Y C-Check ұшақтың әрбір жүйесі мен құрамдас бөлігін толық бөлшектеуді және тексеруді қамтитын жан-жақты техникалық қызмет көрсету рәсімдерінің бірі. Техникалық қызмет көрсетудің бұл түрі алты жылда бір рет жүргізіліп, ұшақтың күйін мұқият бағалауға, жүйелерді тексеруге және қажет болған жағдайда компоненттерді ауыстыру жұмыстарын жүргізуге мүмкіндік береді. Фюзеляжды, қанаттарды, басқару жүйелерін, электр жүйелерін, шасси тіректерін, қозғалтқыштарды, салонды және басқа да маңызды компоненттерді тексеру ықтимал ақауларды жою және ұшулар қауіпсіздігі мен жарамдылығын қамтамасыз ету үшін жүргізіледі.
6Y C-Check Airbus A321 ұшағында 20 күннен астам уақытта жүргізілді. Оған 7800 адам-сағат жұмсалды. Жөндеу қызметіне EASA Part 66 халықаралық сертификаттары мен лицензиялары бар, және авиатехниктерді даярлау бағдарламасы бойынша әуекомпанияның оқытуынан өткен білікті механиктері мен инженерлері жұмылдырылды.
«Өз күшімізбен күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу әуе кемелерімізге уақтылы техникалық қызмет көрсету процесін бақылауын ретке келтіруге және бұрын шетелдік компанияларды тартуды және ұшақтарды Еуропадағы, Ресейдегі және Қытайдағы базаларға жеткізуді талап ететін осы жұмыс түрлеріне шығындарды азайтуға мүмкіндік береді. Қызметкерлердің біліктілігі пен кәсібиліктің жоғары деңгейі, сондай-ақ C-Check сапалы өткізу үшін материалдық базаның жарақтандырылуы арқасында енді осындай жұмыстарды Қазақстанда, өз күшімізбен орындау мүмкіндігіміз бар», — деді әуекомпанияның техникалық қолдау жөніндегі менеджері Темірлан Багашар.
Air Astana Қазақстанда тұңғыш болып 2019 жылдан бастап Алматы мен Астанадағы базаларында Airbus тобының әуе кемелерінде С1 және С2-Check күрделі техникалық қызмет көрсетуді өз бетінше жүргізіп келеді. Бес жыл ішінде 24 ұшаққа қызмет көрсетілді. Бекітілген кестеге сәйкес, әуе компаниясының флотында 2024 жылы Airbus тобының сегіз ұшағы техникалық қызмет көрсетуден өтпек, оның үшеуі 6Y C-Check түрі бойынша.
Air Astana 6Y C-Check аса терең және кешенді түрін енгізу арқылы ұшақтардың сенімділігі мен қауіпсіздігінің жоғары деңгейін қамтамасыз етіп қана қоймай, сонымен қатар техникалық қызмет көрсету саласын тұрақты жетілдіру арқылы компанияның көшбасшылыққа берілгендігін баса көрсетеді.
Air Astana Орталық Азиядағы EASA халықаралық стандарттарына сәйкес келетін Airbus тобына күрделі техникалық қызмет көрсету бойынша қызметтердің ірі жеткізушісі болуды көздейді.