Air China Алматы мен Бейжің арасында тікелей рейсті іске қосты

Алматы халықаралық әуежайында Қытайдың ұлттық әуе тасымалдаушысы Air China компаниясының Бейжің – Алматы – Бейжің бағыты бойынша тікелей тұрақты рейсінің ресми таныстырылымы өтті.

Салтанатты іс-шараға әуежай басшылығы, Қазақстан мен Қытайдың дипломатиялық өкілдері және Air China компаниясының топ-менеджерлері қатысты.

Тіркеу аймағында қонақтарды мерекелік безендіру мен тәттілер күтсе, ресми ашылу рәсімі дәстүрлі лента қиюмен жалғасты.

Алматы халықаралық әуежайының вице-президенті Онур Шатыр:

«Біз Air China компаниясын Алматыда қуана қарсы аламыз. Бейжің мен Алматы арасындағы тікелей әуе қатынасының ашылуы – Қазақстан мен Қытай арасындағы туризм мен әуе қатынастарын одан әрі дамытудағы маңызды қадам»

Қытай Халық Республикасының Алматыдағы Бас консулы Цзян Вэй де бұл оқиғаның мәдени және туристік ынтымақтастықты дамытудағы рөлін атап өтті:

«2025 жыл – Қазақстандағы Қытай туризмі жылы. Біз қазақстандық достарымызды Air China рейстерімен Қытайға келіп, заманауи қалаларымыздың атмосферасын сезінуге, бай әрі бірегей мәдениетімізді танып-білуге шақырамыз»

Air China рейстері аптасына төрт рет — дүйсенбі, сәрсенбі, жұма және жексенбі күндері Boeing 737 ұшағымен орындалады. Ұшу уақыты шамамен 4 сағат 50 минутты құрайды.

Бұл жаңа бағыт Қазақстан мен Қытай арасындағы 30 күнге дейінгі визасыз режиммен сәйкес келіп отыр. 2024 жылдан бері екі елдің азаматтары визасыз еркін сапарлай алады. Бұл туризмге айтарлықтай серпін берді: 2025 жылдың алғашқы жартысында Алматы мен Қытай қалалары арасындағы жолаушылар ағыны 62%-ға өсіп, 230 мыңнан астам адамды құрады.

Air China компаниясының Қазақстандағы өкілі Чен мырза өз сөзінде екі ел арасындағы ынтымақтастықтың артып келе жатқанын тілге тиек етті:

«Қазақстан мен Қытайды мықты стратегиялық және достық байланыстар біріктіреді. Енді саяхаттау бұрынғыдан да ыңғайлы болмақ. Жаңа тікелей рейс біздің халықтарымызға бір-бірін жақынырақ танып, мәдениетін, тарихын және қазіргі өмірін көруге мүмкіндік береді»

Бүгінде Алматы тікелей рейстермен Қытайдың Бейжің, Шанхай, Гуанчжоу, Сиань, Үрімжі, Құлжа, Ханчжоу және Санья қалаларымен байланысты. Air China-ның жаңа рейсі бұл бағыттар желісін толықтырып, туризм мен іскерлік байланыстарды нығайта түседі.

Ғазиза Ұзақ

Telegram-канал: Air China Алматы мен Бейжің арасында тікелей рейсті іске қосты