Айгүл Ниязова: «Әрбір концерт – жан саяхаты»

26 қыркүйекте «Астана Опера» театрының К.Байсейітова атындағы Камералық залында «Ғасырларға жалғасқан сүйіспеншілікпен» вокалдық классика кеші өтеді. Сахнаға маэстро Руслан Баймурзиннің жетекшілігіндегі Камералық оркестрдің сүйемелдеуімен театрдың жетекші солисі Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Айгүл Ниязова шығады.

Әншінің есімі Қазақстанда ғана емес, одан тыс жерлерде де кеңінен танымал. Музыка шолушысы Александр Матусевич ресейлік «Культура» газетінде нәзік лирикалық сопраноның жарқын, сүйкімді әрі сыңғырлаған дауысын атап өткен еді. Италиялық сыншылар әншінің өнер көрсетуін «айқын жетістік» деп бағалап, оның «еуропалық операға шығысқа тән тартымдылығын алып келгенін» қоса айтты. «Опера сахнасының жұлдызы Айгүл Ниязова дауыстың сазды әдістерін, керемет актерлік шеберлігін паш етуде», – деп жазды «Il Sole 24 Ore Domenica» газеті.

Концерт бағдарламасында В.А.Моцарт, Ф.Шуберт, Р.Шуман, А.Дворжак, Р.Штраус, М.Глинка, П.Чайковский, С.Рахманинов сынды композиторлардың әндері мен романстары шырқалады.

– Концертке дайындық мен үшін әрдайым шетсіз-шексіз музыка әлеміне қызықты саяхат іспетті. Тіпті, осы немесе басқа бір шығарманы сан мәрте орындасам да, ол әркез жаңа қырынан ашыла түседі. Концерт бағдарламасында еуропа мен орыс музыкасының негізін қалыптастырған ұлы композиторлардың вокалдық шығармалары қатар орындалатындықтан қазір мен айрықша жауапкершілікті сезінудемін. Бұл мен үшін вокалмен жұмыс істейтін кезең ғана емес, сонымен қатар әр композитордың дәуірі мен мәнеріне тереңірек бойлайтын сәт, – деп әңгімеледі Айгүл Ниязова.

Әншінің айтуынша, «Ғасырларға жалғасқан сүйіспеншілікпен» концертінің бағдарламасы Моцарттан бастап Рахманиновке дейінгі үлкен уақыт ауқымын қамтиды.

– Орындаушы ретінде маған ұлы композиторлардың туындыларына салынған көркемдік ойды, музыкалық мәнерді және ең бастысы адами эмоцияларды жеткізу өте маңызды. Меніңше, бұл концерт – түрлі дәуірлер мен мәдениеттерге өзіндік бір «жан саяхаты» іспетті.

Барлық вокалдық туындының камералық оркестрдің сүйемелдеуімен шырқалатыны кештің ерекшелігі болмақ.

– Мәселен, Глинканың, Чайковскийдің, Рахманиновтың романстары мүлде басқа дыбыс палитрасында шырқалады. Камералық зал сахнасына шығу – мен үшін әрдайым жан сырымды ақтарумен бірдей деп айтар едім. Сыртқы декорацияларсыз және костюмдерсіз, тек дауыс пен көзқарас арқылы сен көрерменмен бірге сол немесе басқа бір эмоцияларды және музыкалық туындылардың жай-күйін бастан өткере аласың.

Сондай-ақ Айгүл Ниязова шығармашылық армандары мен жаңа рөлдерге жоспарлары бар екенін атап өтті:

– Кейбір партиялар ерекше кемелдік пен өмірлік тәжірибені талап етеді, сондықтан мен ең маңызды шығармашылық рөлдер әлі алда деп сенемін. Әрбір өнер көрсету сайын, ол концерт немесе опера болсын, менде әрдайым «бұл көрермендермен бірегей әрі қайталанбас кездесу болады» деген ой туады. Тыңдармандардың көздері музыкамен жарқырап тұрғанын көру – әнші үшін ең үлкен бақыт. Осы үшін сахнаға қайта-қайта шыға беруге болады.

Концерттің басталуы 19:00-де.