«Айсұлу» елорданы тәнті етті
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен 29-30 қарашада «Астана Опера» сахнасында «Айсұлу» комедиялық операсының премьерасы өтті. Сыдық Мұхамеджановтың 1964 жылы жазған бұл операсы ұлттық музыкалық театрдың шынайылығымен, әзілімен және нық сенімімен баурап алатын тұңғыш комедиялық туындысы ретінде тарихта лайықты орын алды.
Тың игерушілер жайлы сюжет құрған дарынды либретто авторлары Қанабек Байсейітов пен Қуандық Шаңғытбаев оны жылулықпен әрі аңғалдықпен толтырып, туындыға комедиялық шиеленіс үстеді. 1964 жылдың аудиториясы үшін бұл көңілді атмосфера ерекше өзекті болды. Ол кезде сахнада Ермек Серкебаев, Роза Жаманова, Абай Байтоғаев сынды біртуар шеберлер көпшіліктің көзайымына айналған еді. Қазақ музыкасындағы жаңа жанрдың ізашары ретінде «Айсұлу» С.Мұхамеджановтың дарынын паш етеді. Ол тұңғыш комедиялық опера құра отырып, одан әрі дамуға негіз салды және ең шынайы сезімдерге баулитын туындыда ұлттық музыка мен драманың қалай тоғысқанын көрсетті.
«Айсұлудың» алғашқы көрсетілімі болған сәттен бастап 60 жыл ішінде осынау операның шамамен 10 түрлі нұсқасы қойылды. Олардың кейбіреуі анағұрлым сәтті шықса, енді бірінің деңгейі одан төмендеу болды. Сыдық Мұхамеджановтың 100 жылдық мерейтойына орай «Астана Опера» композитордың дәл осы туындысына жүгініп, өзінің бірегей нұсқасын жасады. Бұл жолда сахна драматургиясын толық қалпына келтіру ұйғарылды. Ол үшін мұрағаттарда тыңғылықты жұмыс атқарылып, композитор мен либретто авторларының қолжазбалары зерттелді. Қайта қалпына келтірілген көріністер музыкалық драматургияның комедиялық сарыны мен жеңілдігін мұқият сақтай отырып, оның тереңдігі мен қарқынын жаңаша сезінуге мүмкіндік береді.
Жоғары білім мен табысты мансапты армандайтын намысқой жас жігіт Серке оқиғаның ортасында жүреді. Ол колхоздың бірінші сұлуы әрі үлгілі жұмыскері Айсұлуға ғашық. Газеттер бұл бойжеткеннің еңбегі жайлы жазып, оның суретін нөмірдің бірінші бетінде жариялайды.
Қойылым вокзал сахнасымен ашылады. Қозғалыс, үміт пен жаңа бастамалардың символы іспетті көрініс Еренбақ Тойкеновтың динамикаға негізделген режиссерлік тұжырымдамасын анық атап көрсетеді. Бірінші актіде режиссерлерге үйреншікті алматылық базар сахнасының орнына жанды атмосфера салтанат құрған вокзалдың әдемі картинасын көреміз. Келушілер мен жергілікті жастар онда жаңа мүмкіндіктер іздеу үшін жиналған. Серке мұнда газет сатушыны кездестіріп, одан кандидаттықты енді ғана қорғаған Хасен тұратын Ғалымдар үйіне қалай баруға болатынын біледі. Өйткені Серкеге университетке түсуге Хасен көмектесе алатын еді.
Хасеннің диссертация қорғауын тойлау сахнасы көрермендерді кеңестік дәуірге алып барады. Мұнда музыка, аққайнар мен басқа да детальдар санада қалған өткен кезеңнің жанды көрінісін жасайды. Көңілденген Серке Айсұлумен таныстығы, оның барлық қалалықтар айтып жүрген жетістіктері мен сұлулығы жайлы әңгімелейді. Хасен мен Әубәкірге Айсұлудың қайда тұратынын айтқан Серке көп ұзамай қандай қателік жасағанын түсінеді.
Екінші актіде қойылым колхозға ауысады. Мұнда декорациялар сауыншылар мен ағаш шеберлерінің күнделікті еңбегін паш етіп, сахнаны жұмыс күндерінің энергиясымен толтырды. Әртістер ауыл өмірінің жарқын көріністерін жасады: бидон мен шелек ұстаған қыздар, құрал-саймандарын көтерген шеберлер, шөп қорасындағы жұмыстар – осының барлығы Айсұлудың апалары – Жансұлу мен Нұрсұлудың қатысуымен түсініспеушілікке тап болған Хасен мен Әубәкірдің қызықты іздестіруін безендірді. Жігіттерді колхозда жұмысқа қалдыруға тырысқан төрағаның қыздарды Айсұлу деп таныстыруы қызықты да романтикалық жағдайларға алып келеді.
Серкенің өзін өлгендей көрсетіп, барлығын күлкі қылуды ұйғарған кезі қойылымның финалын комедия жанрының шыңына жеткізді. Кейіпкерлер мен көрермендердің қазаға қайғырып, артынша Серкенің тірілгеніне қуанған көрінісі рухани тазару сәтіне айналады. Болған жайдан сасқалақтап қалған Айсұлу ақыр аяғында Серкені кешіріп, осылайша махаббат кезекті рет жеңіп шығады. Спектакль бір-біріне қол жеткізген үш жұптың салтанатты үйлену тойымен өз мәресіне жетті.
«Астана Опера» театры солистерінің орындауындағы «Айсұлу» операсы вокалдық шеберлікті, актерлік мәнерлілік пен тың режиссерлік пайымдауды үйлесімді біріктірген музыкалық және драмалық тұтас туынды ретінде ашылды.
«Құрмет» орденінің кавалері Айзада Қапонова мен Назым Сағынтай орындаған Айсұлу партиясы барлық мақтауға лайық. Айсұлудың әйгілі ариясында әншілер колхоздың бірінші сұлуы бейнесінің шынайылығы мен терең эмоциялық толықтығын жеткізіп, музыканың динамикасы мен фразалауды ерекше меңгергендерін көрсетті. Олардың вокалдық техникасы кеңестік дәуірге тән еңбекқорлық пен адалдық мұраттарын атап көрсететін шынайы актерлік ойынмен үйлесім тапты.
Серкенің рөлін баритондар Дінмұхамед Көшкінбаев пен Талғат Ғалеев тамаша орындады. Әдемі дауыс бояуы мен екпін дәлдігі арман-мақсаттары Айсұлуға деген шынайы сезімге жолықтырған өршіл жастың жарқын бейнесін жасауға мүмкіндік берді. Шыңғыс Расылхан, Ержан Саипов, Талғат Аллабиринов пен Артур Ғабдиевтің орындауындағы Серкенің достары – Хасен мен Әубәкір қойылымға әзіл-қалжың қосты. Олардың ансамбльдері жарасымдылығымен, вокал еркіндігімен және ырғақтардың молдығымен ерекшеленіп, сол кезең жастарының жанды бейнелерін жасады.
Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Жаннат Бақтай, Әсем Сембина, Татьяна Вицинская мен Салтанат Мұратбекова ұсынған Жансұлу мен Нұрсұлу партияларының орындаулары керемет вокалмен және сахнадағы шытырман оқиғалармен есте қалды. Әртістердің сопрано мен меццо-сопрано дауыстары мінсіз ансамбль болып естіліп, спектакльдің музыкалық мазмұнына тапқырлығымен көрік берді.
Милиция қызметкері мен Газет сатушының партияларын орындаушы Сұлтан Бақытжан, Академик – Валерий Селиванов пен Болат Есімханов, Әбдіқадыр – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жанат Шыбықбаев, Валерий Селиванов рөлдің үлкен-кішісі болмайтынын дәлелдеді.
Әртістердің барлығы комедиялық рөлдерге шебер енді. Бәлкім, мұның құпиясы 5 жылдан астам уақыт бойы Камералық зал сахнасында әртістерге комедиялық дарындарын ашуға және жетілдіруге зор мүмкіндік беретін Piccolo театры жобасының ойдағыдай жүзеге асырылып келе жатқандығында болар.
Жаңа музыкалық редакцияны жүзеге асырған қоюшы дирижер, Қазақстанның халық әртісі Абзал Мұхитдиннің жетекшілігіндегі театрдың симфониялық оркестрі туындының тұтастығын паш етті. Маэстро партитураның байқала бермейтін эмоциялық нюанстарын анықтап, лирикалық сахналар мен жалпы сахналарды үйлесімді біріктіре білді.
«Астана Операның» бас хормейстері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ержан Дәуітовтің басқаруындағы хордың еңбегі ерекше атап өтуге тұрарлық. Ұжым бірлескен рухты жеткізіп, өткен дәуірдің атмосферасын жасады.
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Софья Тасмағамбетова мен Павел Драгуновтың спектакльді көркемдік безендіруі 60-ыншы жылдардағы тұрмыс-тіршілікті сол қалпында жаңғыртты. Вокзалдың, Алматыдағы пәтерлердің, колхоз сахналарының безендірілуінен бастап, жарқын да сан алуан костюмдерге дейін көптеген детальдар музыкалық әңгімені сәтті толықтырды. Сергей Шевченконың жарыққа байланысты шешімдері мен Павел Суворовтың проекциялары спектакльді әсем әрі заманға сай етті.
Сыдық Мұхамеджановтың «Айсұлу» операсы режиссерлік жасампаздық, қойылым тобының кәсібилігі мен әртістердің шеберлігі нәтижесінде жаңа тыныс алды. Спектакльдің сахнадағы ғұмыры баянды болсын деп тілейміз!