Әкем театр бауырлас Қырғыз еліне гастрольдік іс-сапармен аттанбақ
1926 жылы іргетасы қаланған қазақ өнерінің қарашаңырағы, қазақтың тұңғыш кәсіби театры Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театры – Қазақстанның жетекші өнер ордасы. Ол өз тарихында үлкен белестерден өтіп, бүгінгі күні ұлттық өнердің символына айналды. Шығармашылық әлеуеті жоғары театр ұжымы – биік көркем өнер, жаңа тұрпатты мәдениет жасау; отансүйгіштік, ізгілік, адамгершілік, сұлулықты дәріптеу; әлемдік мәдени-рухани кеңістікке еркін еніп, ұлттық өнерімізді таныту жолында қалтқысыз қызмет етуде.
2026 жылы қазақ өнерінің қарашаңырағы Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театры 100 жылдық мерейтойын атап өтеді. Ғасырлық той қарсаңындағы салтанатты гастрольдік сапарын жер жәннәты Жетісу облысынан бастаған өнер ұжымы Өзбекстан, Қарақалпақстан елдерін аралап, желтоқсанның 4-7 аралығында бауырлас қырғыз елінің бас шаһары Бішкек қаласына ат басын тіреп, Т. Абдумомынов атындағы Қырғыз ұлттық академиялық драма театрының сахнасында өнер көрсетеді. Гастрольдік бағдарлама бойынша шоқтығы биік, қазақ және әлемдік драматургия жауһарлары «Қыз Жібек», «Қоштасқым келмейді», «Қорқыттың көрі», «Мәңгілік бала бейне» сынды спектакльдер көрермен назарына ұсынылады. Бұл қойылымдарда өзіндік қолтаңбасымен көрерменді тәнті етіп жүрген бірқатар өнер иелері Қазақстанның Халық әртісі Дулыға Ақмолда, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Болат Әбділманов, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Шынар Жанысбекова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Шынар Асқарова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жалғас Толғанбай, Мәдениет саласының үздігі Күнсұлу Шаяхметова, Қазақстан Жастар одағы «Серпер» жастар сыйлығының иегері Салтанат Бақаева, Қазақстан Жастар одағы «Серпер» жастар сыйлығының иегері Зарина Кармен, Асан Мәжит сынды театр артистері өнер көрсетеді.
Гастрольдік сапар ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен өтеді.
4 желтоқсан 18.30-да Ғ. Мүсірепов «Қыз Жібек» спектаклі /музыкалық драма/ 2 сағат
5 желтоқсан 18.30-да А. Володин «Қоштасқым келмейді» /драма/ 1 сағат 40 мин
6 желтоқсан 18.30-да И. Ғайып «Қорқыттың көрі» /драма/ 2 сағат
7 желтоқсан 18.30-да Р. Мұқанова «Мәңгілік бала бейне» /трагедия/ 2 сағат