АҚИҰ Астанада ИЫҰ Азық-түлік қауіпсіздігі күніне арналған дөңгелек үстел өткізді

Астана, Қазақстан Республикасы – 17 желтоқсан 2025 жыл – Астанада Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам ұйымының (АҚИҰ) ұйымдастыруымен АҚИҰ күніне және Ислам ынтымақтастығы ұйымының (ИЫҰ) Азық-түлік қауіпсіздігі күніне арналған жоғары деңгейдегі халықаралық дөңгелек үстел отырысы өтті. Іс-шараға Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Парламентінің, дипломатиялық миссиялардың, халықаралық ұйымдардың, ғылыми-сараптамалық қауымдастықтың және серіктес ұйымдардың басшылары мен өкілдері қатысты.

Аталған іс-шара 11 желтоқсанда Жидда қаласында ИЫҰ-ның штаб-пәтерінде өткен ИЫҰ институттарының 9-шы жыл сайынғы үйлестіру кеңесі аясында басталып, 14 желтоқсанда Астанада дипломатиялық корпус арасында ұйымдастырылған футбол турнирімен жалғасқан және  саяси диалогпен қорытындыланған үш кезеңді мерекелік іс-шаралар бағдарламасының қорытынды бөлігі болды.

АҚИҰ Бас директоры, Елші Берік Арын мырза Қазақстан Республикасының Үкіметі мен халқына тұрақты қолдауы мен қонақжайлығы үшін алғыс білдіріп, Ұйымды қабылдаушы мемлекет ретіндегі маңызды рөлін атап өтті. Сондай-ақ 2025 жылғы АҚИҰ-ның негізгі жетістіктеріне тоқталып, Ауғанстанға арналған азық-түлік қауіпсіздігі бағдарламасының кеңейтілуін, «Адамзат үшін ұн – Газадағы төтенше жағдайға үндеу» бастамасының іске қосылуын және Африкадағы азық-түлік қауіпсіздігі бастамасының жүзеге асырылуын атап өтті. Сондай-ақ АҚИҰ-ның 2031 жылға дейінгі Стратегиялық көрінісі аясындағы ілгерілеу және ИЫҰ-ға мүше мемлекеттерде азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі стратегиялық жоспарды әзірлеу бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстарға тоқталды.

Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Қуантыров мырза Қазақстанның АҚИҰ-ға көрсетіп отырған берік саяси қолдауын қуаттап, климаттың өзгеруі, су тапшылығы мен жаһандық нарықтағы құбылмалылық жағдайында азық-түлік қауіпсіздігі мәселелерін шешудегі көпжақты ынтымақтастықтың маңыздылығына назар аударды.

Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ермек Кенжеханұлы мырза өз сөзінде ауыл шаруашылығын жаңғырту, суару инфрақұрылымын жаңарту және су үнемдеу технологияларын кеңінен енгізу ұлттық басымдықтардың қатарында екеніне тоқталып, АҚИҰ-мен бірлескен өңірлік жобалардың маңыздылығын атап көрсетті.

Дөңгелек үстел талқылауларын аша отырып, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Аграрлық мәселелер комитетінің төрағасы Серік Егізбаев мырза АҚИҰ-ның ИЫҰ-ға мүше мемлекеттер арасындағы ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастықты нығайту және азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі үйлестірілген іс-қимылды дамыту үшін маңызды алаң екенін атап өтті. Ол Қазақстанның аграрлық әлеуетіне, су ресурстарын тиімді пайдалану қажеттілігіне және АҚИҰ қолдайтын бастамалардың, соның ішінде суару жүйелерін жаңғырту, Орталық Азияда бидай өнімділігін арттыру және өңірлік азық-түлік қауіпсіздігі бойынша ынтымақтастықтың өзектілігіне тоқталды.

Пікірталас барысында дипломатиялық миссиялар мен серіктес ұйымдардың өкілдері тарапынан саладағы өзекті мәселелер көтерілді. Палестина Мемлекетінің Қазақстан Республикасындағы Елшісі, дипломатиялық корпустың дуайені доктор Монтасер Абузейд «Адамзат үшін ұн – Газадағы төтенше жағдайға үндеу» бастамасының гуманитарлық маңызына тоқталып, оны қолдаудың миллиондаған палестиналықтар үшін айрықша мәнге ие екенін жеткізді. Сонымен қатар Қазақстанның АҚИҰ-ны қабылдаушы ел ретіндегі рөліне жоғары баға беріп, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, халықаралық ынтымақтастықты дамыту және ИЫҰ-ға мүше мемлекеттер арасындағы өзара ықпалдастықты нығайтудағы стратегиялық әріптестіктің маңызын айқындады.

Тәжікстан Республикасының, Ауғанстан Ислам Республикасының және Иордания Хашимиттік Корольдігінің дипломатиялық миссияларының басшылары, сондай-ақ Түркияның Ынтымақтастық және үйлестіру агенттігі (TİKA), Халықаралық көші-қон ұйымы (IOM) және Аралды құтқару халықаралық қоры (IFAS) сияқты халықаралық ұйымдардың өкілдері азық-түлік қауіпсіздігі саласындағы өздерінің ағымдағы жобалары жөнінде мәлімет берді. Кездесу барысында АҚИҰ-мен ынтымақтастықтың қолданыстағы және перспективті бағыттары айқындалып, ИЫҰ өңірінде жүзеге асырылып жатқан бірлескен гуманитарлық, бағдарламалық және әлеуетті арттыру бастамалары талқыланды.

Іс-шара аясында АҚИҰ мен М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университеті арасында ауыл шаруашылығы және азық-түлік қауіпсіздігі саласында білім беру, ғылыми зерттеулер және кадрлық әлеуетті дамыту бағытындағы ынтымақтастықты нығайтуды көздейтін  меморандумға қол қойылды.

Қорытынды сөзінде АҚИҰ Бас директоры орнықты, инклюзивті және төзімді азық-түлік жүйелерін қалыптастыруға деген Ұйымның берік ұстанымын растады және ИЫҰ өңірінде азық-түлік қауіпсіздігін ілгерілету мақсатында мүше мемлекеттер мен серіктестерді АҚИҰ-мен өзара іс-қимылды одан әрі тереңдетуге шақырды.