Ақмола облысы спорт резервін дайындау бойынша көшбасшы аймақтың бірі
Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев Ақмола облысының тұрғындарымен есептік кездесу өткізді. Жиынға өңірдің әр аймағынан келген азаматтар, қоғам белсенділері, БАҚ, спорт және турбизнес түрлері бойынша жергілікті федерациялардың өкілі, өңірдің атақты спортшылары және өзге де азаматтар қатысты.
Кездесуді Ермек Маржықпаев министрліктің қазіргі қызметі, туризм және спорт саласындағы реформалар, лудоманияға қарсы күрес шаралары және ведомствоның алдағы жоспарлары туралы баяндамадан бастады.
2023 жылдың қорытындысы бойынша елімізде дене шынықтырумен және спортпен жүйелі түрде айналысатын азаматтардың үлесі 40,4% немесе 8,1 млн адамды құрады. Облыста 37 мыңнан астам бала мен жасөспірімге дене шынықтырумен айналысуға жағдай жасалған .
Кездесуде еліміздің өңірлері арасында олимпиадалық спорт түрлері бойынша жастар құрама командаларының құрамына спорттық резервті дайындау бойынша көшбасшылардың бірі – Ақмола облысы екені айтылды. Облыста 29 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі жұмыс істейді, оның 9-ы қалада, 20-сы ауылда. Өңірде 19783 бала спортпен шұғылданады. Бұдан бөлек, 2023 жылдың қорытындысы бойынша облыста дене шынықтыру және спортпен айналысатын мүгедек адамдардың саны 2 408 адамға немесе 17% жеткен.
«Спорт инфрақұрылымын дамыта отырып, бұқаралық спортты танымал ету дені сау ұлтты қалыптастыру – негізгі міндеттің бірі. Осыған байланысты спорт нысандарының қолжетімділігін арттыру мемлекеттің ерекше бақылауында. Бүгінгі таңда 1000 адамға шаққанда спорт инфрақұрылымымен қамтамасыз ету 52,2% құрайды, оның ішінде Ақмола облысы бойынша – 60,4 %», — деп атап өтті Ермек Маржықпаев.
Ақмола облысы – туристік салада еліміздің басым бағыттарының бірі. Туризм саласында қызмет көрсету бойынша өңірдің үлесі 9%-дан асады (175,7 млрд теңгенің 16,5 млрд теңгесі), мұнда елдің барлық орналастыру орындарының 9%-ға жуығы шоғырланған (республика бойынша 4009 орналастыру орнының 353-і). 2023 жылғы 3 тоқсан қорытындысы бойынша аймақ туризмінің негізгі көрсеткішінде оң динамика байқалады. Өңірге келетін туристер саны 956,7 мың адамды құрайды, оның 16 мыңға жуығы шетелдік туристер. Бұл – 2022 жылмен салыстырғанда 3,2 мың адамға көп (9 айда 12,6 мың шетелдік саяхатшы келген).
«Біз еліміздің қолда бар орасан зор туристік мүмкіндігін толық пайдалануымыз керек. Ақмола облысы еліміздің туристік саласында ерекше орын алады. Аймақ алуан түрлі ландшафттарымен және мәдени бай мұрасымен ерекшеленеді. Туристік өнімнің негізі – емдеу-сауықтыру және экотуризм», — деді Ермек Маржықпаев.
Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау мақсатында ойын бизнесі мен лотереяларды ұйымдастырушыларға мемлекеттік бақылау жалғасуда, сондай-ақ ойынға тәуелділіктің алдын алу бойынша кешенді шаралар қабылданды. Жалпы, 2021 жылдан бүгінгі күнге дейін ойын бизнесі субъектілерінің саны 71-ден 29-ға дейін қысқарды. Түсіндіру жұмыстарының нәтижесінде 17 букмекерлік кеңсе өз еркімен лицензияларын қайтарды. Сондай-ақ 2023 жылы тексеру нәтижесінде 9 букмекерлік кеңсе, 5 тотализатор және 1 ойын автоматтары залының лицензиясы алынды.
Есеп беру кездесуінен кейін министр жеке қабылдау өткізіп, азаматтардың сұрақтарына жауап беріп, олардың мәселелері мен ұсыныстарын тыңдады.