Ақмолалықтар Президенттік жастар кадр резервіне іріктеле алады

1 маусымда Президенттік жастар кадр резервіне кезекті іріктеу басталады. Іріктеу тәртібі туралы ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ақмола облысы бойынша департаментінің басшысы Думан Әбілев Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифинг барысында хабарлады.
Спикердің айтуынша, іріктеуге мемлекеттік тілді В1 деңгейінен төмен емес деңгейде меңгерген, жоғары білімі және кемінде 5 жыл жұмыс өтілі бар 35 жастан аспаған Қазақстан Республикасының азаматтары қатыса алады.
Іріктеу 2025 жылдың маусымынан қазанына дейін өтетін бірнеше кезеңнен тұрады. Іріктеу қорытындысы бойынша резервке үздік 50 үміткер қабылданады. Қабылданған күннен бастап 3 жыл ішінде резервшілер конкурстық іріктеуден тыс әртүрлі мемлекеттік лауазымдарға тағайындалуы мүмкін.
«Іріктеу 6 бағыт бойынша іске асырылады: әлеуметтік саясат және азаматтық қоғам, агроөнеркәсіптік кешен және қоршаған ортаны қорғау, цифрландыру, инфрақұрылымды, өнеркәсіпті дамыту және сауда саясаты, экономикалық және қаржылық саясат, сыртқы саясат және инвестициялар. Биылғы іріктеудің маңызды ерекшелігі – әр бағыт бойынша кандидаттардың біркелкі санын қамтамасыз ету мақсатында әрбір кезеңде пропорционалды іріктеу жүргізіледі. Яғни, резервтің әр салалық бағыты бойынша квоталар қарастырылады» – деп Думан Әбілев мәлімдеді.
Бірінші кезеңде 1 – 30 маусым аралығында http://pkrezerv.gov.kz/ порталында құжаттар қабылданады. Үміткерлер құжаттарын жүктеп, өтінім жіберуі керек. Шілде айында олардың құжаттарын тексеру жүргізіледі. Екінші кезең – мәтіндік және сандық ақпаратпен жұмыс істеу қабілетін бағалау 2-3 және 9-10 тамызда онлайн режимде өтеді. Үшінші кезең – ситуациялық тапсырмаларды шешу 16-17 тамызда онлайн режимде өтеді. Төртінші кезең – «Құзыреттерді бағалау» кезеңі екі блоктан тұрады: құзыреттерді бағалаудың 1-блогы «Ассессмент-орталық» Астана қаласында 22 – 28 тамыз аралығында, құзыреттерді бағалаудың 2-блогы «Құзыреттілік бойынша сұхбат» онлайн режимде 23 – 28 қыркүйек аралығында өтеді. Бесінші кезең – «Резервке іріктеу жөніндегі сарапшылық комиссияда кандидаттармен әңгімелесу» кезеңі Астана қаласында 8 – 15 қараша аралығында өтеді. Соңғы алтыншы кезең – Резервке үздік 50 кандидатты қабылдау жөніндегі Ұлттық комиссияның отырысы 25 қазанға дейін және шешім шығару қазан айының соңына дейін өтеді.
Спикердің ақпараты бойынша үміткерлерге қойылатын талаптар мен іріктеу кезеңдері туралы барлық мәліметтер іріктеу порталында қолжетімді. Тіркелу барысында кандидат сұрақтар туындаған жағдайда порталдағы Jivo чат немесе +7 700 096 70 74 нөмірі бойынша қолдау қызметіне, сондай-ақ info@pkrezrv.gov.kz электрондық поштасына жүгіне алады.
ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ақмола облысы бойынша департаменті