АҚШ Елшісі мен Chevron басшылығы Петропавлда Makerspace ашты

АҚШ-тың Қазақстандағы Елшісі Дэниел Розенблюм, «Шеврон» Еуразия бөлімшесінің Басқарушы директоры Дерек Магнесс және Солтүстік Қазақстан облысының басшылығы Петропавл қаласында Сәбит Мұқанов атындағы  Солтүстік Қазақстан облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында орналасқан Америка бұрышы (American Corner) жанындағы жаңа Мейкерспейсті (Makerspace) ресми түрде қыркүйектің 20-сы күні ашты.

Мейкерспейс  ғылым, технология, инженерия, өнер және математика (ағылш. аббр. STEAM – Science, Technology, Engineering, Arts) салаларында қолданбалы дағдыларды дамыту үшін қазақстандық жастарға тегін курстар мен шеберлік сағаттарын ұсынады.

Ашылу салтанаты барысында Елші Дэниел Розенблюм: «Мэйкерспэйс көмегімен біз Петропавлдың қарқынды дамып келе жатқан шығармашылық қауымдастығына қолдау көрсетіп, осы кеңістікте дүниеге келетін инновациялардың бір бөлігі бола алатынымызға қуаныштымыз.  АҚШ-қа да,  Қазақстанға да пайда әкелетін жаңа мүмкіндіктер жасайтын  кәсіпкерліктің бірегей катализаторы қызметін атқара алатындықтан, біз бұл кеңістіктерге инвестиция салып, қолдаймыз. Бүгін жиналған еріктілердің арасында, сондай-ақ, осы Мэйкерспейстің болашақ қонақтары арасында Қазақстанның ғылым, технология және кәсіпкерлік саласының көшбасшылары болатын көптеген адамдарды кездестіретінімізге сенімдімін», — деп атап өтті.

«1993 жылдан бастап Шеврон компаниясы білім беру, денсаулық сақтау және кәсіпкерлік салаларына инвестиция салып, Қазақстан Республикасымен сенімді серіктестік құрып келе жатқанын мақтан тұтады. Біз STEAM дағдыларын, цифрлық технологияларды және шығармашылық ойлауды дамытуға мыңдаған адамдарды баулитын, сонымен бірге балаларды, студенттерді және мұғалімдерді қамтитын бағдарламаларға қолдау көрсетеміз.  Мен осында болып, сіздермен – Қазақстанның болашақ көшбасшылары және инноваторларымен кездескеніме қуаныштымын. Бұл орталық шабыт, ынтымақтастық және ғылым-білім үйрену үшін тамаша орта болып табылады, бұл жерде армандар шындыққа айналады және идеялар өмірге келеді», — деп атап өтті Дерек Магнесс өз сөзінде.

Петропавлда ашылған Мейкерспейс еліміздегі осындай жетінші орталық болып отыр.  Алматы, Астана, Орал, Өскемен, Павлодар және Ақтөбе қалаларында АҚШ Дипломатиялық өкілдігі мен “Шеврон” компаниясының қолдауымен ашылған Мейкерспейстер қазірдің өзінде жастарға қызмет көрсетуде. Сарапшы мұғалімдер мен фасилитаторлардың жетекшілігімен тәжірибелік оқытуға арналған жабдықтар мен құралдардың кең ауқымымен жабдықталған Мейкерспейстер жергілікті аудиторияға робототехника, 3D модельдеу, зымыран жасау, компьютерлік бағдарламалау, өнер, қолөнер және т.б. курстарды тегін ұсынады.

Ұсынылған бағдарламалар білім мен кәсіби дамудың жаңа жолдарын іздейтін мектеп пен университет жастарына, сонымен қатар жас мамандарға арналған. Мейкерспейс алаңдары шығармашылық идеялар мен көшбасшылық әлеуетті дамыту үшін қызығушылығы ұқсас замандастармен кездесуге арналған мүмкіндіктерді ұсынады.

2024 жылдың жаз айының басынан бастап Петропавлдағы Мейкерспейс ресми түрде ашылмаса да келушілерге инженерлік лагерь, шығармашылық ауыл шаруашылығы және деректер туралы ғылым клубы іс-шараларын өткізді. Ашылу салтанаты кезінде елуден астам қонақ, соның ішінде жергілікті билік пен білім беру ұйымдары өкілдері Мейкерспейсті аралап, оның жабдықтарының интерактивті көрсетілімдерін тамашалады, оның үйлестірушілерімен, еріктерілерімен және курстарының алғашқы түлектерімен кездесті.

Мейкерспейстің ашылуы Қазақстандағы АҚШ Дипломатиялық миссиясы мен «Шеврон» компаниясының «Мейкерспейс кеңейеді!» бағдарламасы аясындағы серіктестігінің арқасында мүмкін болды. Оның міндеті – инновацияға негізделген экономикада табысқа жету үшін қажетті практикалық дағдыларды қамтамасыз ететін STEAM пәндерін үйренуге арналған оқу бағдарламалар мен ресурстар арқылы Қазақстандағы адами капиталды дамытуға қолдау көрсету. 2023 жылы бүкіл ел бойынша Мейкерспейстер желісінің оқу бағдарламаларына шамамен 14,000 жас қазақстандық қатысты, енді бұл мүмкіндік Петропавл тұрғындары үшін қолжетімді болды.