АҚШ-тың Бас консулы Мишел Еркін ханым Алматыға келді
Қазақстандағы АҚШ Дипломатиялық миссиясы Америка Құрама Штаттарының Алматыдағы Бас консулы Мишел Еркін ханымның келгенін хабарлайды. Бас консул Еркіннің консулдық аймағына Алматы және Шымкент қалалары, сондай-ақ Алматы, Қызылорда, Түркістан, Жамбыл және Жетісу облыстары кіреді.
«Мен Алматыдағы АҚШ Консулдығының атынан өкілдік етуді өзім үшін үлкен мәртебе санаймын және Қазақстан сияқты әдемі әрі қонақжай елге қайта оралғаныма өте қуаныштымын. Алматы 20 жыл бұрын менің шетелдегі алғашқы дипломатиялық миссиям болған. Енді алдағы үш жыл бойы бұл қаланы өз үйім деп санау бақытына ие болып отырмын. Сол уақыттан бері көп нәрсе өзгерген , сондықтан Қазақстанды жаңа қырынан танып-білуге асықпын», — деді Еркін ханым.
«Мен сіздермен бірге Қазақстанның экономикасын нығайтып, әртараптандыру, өңірлік қауіпсіздікті күшейтіп, мәдени алмасуды дамыту үшін күш жұмылдырып еңбек ететін, және ең бастысы, Қазақстанның ең құнды байлығы – оның халқымен иық тіресе жұмыс істейтін сәттерді қуана күтемін», — деп атап өтті Еркін ханым.
Дипломатиялық қызметтегі 20 жыл бойы Еркін ханым әлемнің әртүрлі елдерін аралап үлгерді. Бұған дейін ол Рейкьявиктегі (Исландия) АҚШ Елшілігінде миссия басшысының орынбасары және уақытша сенімді өкіл қызметтерін атқарды. Еркін ханымның оған дейінгі дипломатиялық қызмет атқарған елдерінің қатарында Панама-Сити (Панама), Бішкек (Қырғызстан), Сан-Сальвадор (Сальвадор) және Мәскеу (Ресей) де бар. Еркін ханым Вашингтон қаласында бірнеше рет қызмет атқарды, атап айтқанда, Экономикалық және іскерлік мәселелер бюросы (EB), Қару-жарақты бақылау, келісімдерді тексеру және орындау бюросы (AVC) және Батыс жарты шар істері бюросында (WHA) жұмыс істеді.
Мишел Еркін ханым Йель университетін Ресей және Шығыс еуропалық зерттеулер мамандығы бойынша үздік бітірген. Содан кейін ол Миннесота университетінің заң мектебінің Юриспруденция докторы (JD) дәрежесін алды.
Солтүстік Миннесотаның ауыл шаруашылығымен айналысқан ортасынан шыққан ол өзінің Ақ Жер Оджибве (Чиппева) тайпасының ұрпағы екендігін мақтан тұтады. Еркін ханым мен жолдасы Жомарт төрт бала тәрбиелеп отыр. Орыс және испан тілдерін жетік меңгерген, қазақ тілін де оқып жүр.