АҚШ-тың Қазақстандағы Дипломатиялық өкілдігі Астанада «No Visible Bruises» кітабының қазақ тіліндегі аудармасын таныстырды
ҚШ-тың Қазақстандағы Өкілдігі Steppe & World баспа үйімен бірлесіп, халықаралық марапаттарға ие болған автор Рейчел Луиза Снайдердің No Visible Bruises («Сырты бүтін») кітабының қазақ тіліндегі басылымының тұсаукесерін өткізді.
2019 жылы New York Times басылымы таңдап алған «Жылдың 10 үздік кітабы» қатарынан орын алған бұл шығарма отбасылық зорлық-зомбылықтың жасырынып жатқан індетін зерттеп, оның себептері, әсері мен шешімдері туралы терең әрі жанашырлықпен жазылған. Іс-шара Адам құқықтары күніне орай ұйымдастырылып, сонымен қатар АҚШ-тың Қазақстандағы Дипломатиялық өкілдігінің қолдауымен өткізілетін жыл сайынғы «Гендерлік зорлық-зомбылыққа қарсы 16 күндік белсенділік» науқанын қорытындылады. Бұл науқан гендерлік теңдік және зорлық-зомбылықтың алдын алу мәселелері бойынша қоғамды ақпараттандыруды және талқылауды мақсат етеді.
АҚШ-тың Қазақстандағы Дипломатиялық өкілдігі Қазақстанның үйдегі зорлық-зомбылықты қылмыс деп тануда нақты ұстанымын қолдау үшін бұл марапатты еңбекке аударма жасауға қаржылай қолдау көрсетті.
АҚШ-тың Қазақстандағы Елшісі Дэниел Розенблюм шараны ашып, гендерлік зорлық-зомбылықтың қоғамдық денсаулыққа да, адам құқықтарына да зиян келтіретінін атап өтті. Оның айтуынша, бұл проблема тек Қазақстанда немесе АҚШ-та ғана емес, әлемнің барлық елдерінде орын алып отырған шындық. «Гендерлік зорлық-зомбылық – жаһандық эпидемия, және біз бұл тақырыпты барлық тілде, оның ішінде қазақ тілінде ашық талқылауымыз керек. Ауыр мәселелерден қашу тек зорлық-зомбылық жасаушыларға пайдалы болады,» – деді ол.
Ашылу салтанатынан кейін Steppe & World баспа үйінің редакторы Назгүл Қожабек, ҚР Парламенті Мәжіліс депутаты Жұлдыз Сүлейменова, отбасылық психолог Ержан Мырзабаев және тедежурналист, продюсер Дана Нұржігіттің қатысуымен талқылау өтті.
2025 жылдың қаңтар айында кітап тұсаукесері Шымкент және Алматы қалаларында да өтеді.
Рейчел Луиза Снайдердің No Visible Bruises («Сырты бүтін») кітабы зерттеу журналистикасын жеке оқиғалармен ұштастырып, үйдегі зорлық-зомбылықты жаһандық дағдарыс ретінде қарастырады. Бұл кітап қоғамның үйдегі зорлық-зомбылықпен күрестегі рөлі туралы маңызды пікірталас тудырды. Қазақ тіліндегі аударма осы бір маңызды еңбекті қазақтілді аудиторияға, соның ішінде гендерлік зорлық-зомбылықтың алдын алу және жәбірленушілерді қолдау бойынша жұмыс істейтін ҮЕҰ-лар мен белсенділерге қолжетімді етуді мақсат етеді.