Ақтау қаласында алғаш рет «Nomad Puppet Aktau» І Халықаралық қуыршақ театрлары фестивалі өтті

Түркі әлемінің мәдени астанасы атанған Ақтау қаласында ағымдағы жылдың 9-14 қыркүйек күндері аралығында алғаш рет «Nomad Puppet Aktau» І Халықаралық қуыршақ театрлары фестивалі өтті. Бұл өнер мерекесі түбі бір түркі халықтарының ортақ мәдени мұрасын ұлықтап, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізуді мақсат тұтқан айтулы оқиға болды. Бұл бастама Маңғыстау облыстық қуыршақ театрының жетекшілігімен жүзеге асып, еліміз бен түркітілдес мемлекеттерден келген он театр ұжымының басын қосты. Фестиваль қуыршақ өнерінің дамуына жаңа серпін беріп, кәсіби шығармашылық байланыстарды нығайтты.
Маңғыстау облыстық қуыршақ театры – еліміздегі қуыршақ өнерінің дамуына сүбелі үлес қосып жүрген ұжымдардың бірі. Театр ұжымы соңғы жылдары республикалық және халықаралық деңгейдегі көптеген фестивальдерге қатысып, қазақ қуыршақ өнерін әлемдік сахнаға танытуда. Бұл жетістіктердің барлығы театр директоры Фарида Момбекқызының басшылық және ұйымдастырушылық қабілетінің арқасында жүзеге асып отырғанын атап өткен жөн. Ол театр өнерінің дамуына ерекше үлес қосып, өңірдегі мәдени өмірді жандандыруға зор еңбек сіңіріп келеді.
Бес күнге созылған фестивальге еліміздің әр өңірінен және шетелден келген 10 театр ұжымы қатысты. Атап айтар болсақ, Әзербайжан, Қырғызстан, Өзбекстан, Түркия, Татарстаннан келген қуыршақ театрлары, Қазақстаннан Қостанай, Астана, Ақтөбе, Шымкент және Маңғыстау облыстық қуыршақ театрлары өздерінің ұлттық бояуы қанық, көркемдік тұрғыдан бай үздік қойылымдарын сахналады. Әзербайжан мемлекеттік қуыршақ театры «Жалғыз қасқыр» (авт.: Махбуба Гаджиева, реж.: Анаханым Абдуллаева), Шымкент қалалық қуыршақ театры «Керқұла атты Кендебай» (авт.: Әлібек Файзуллаұлы, реж.: Мақпал Малдыбаева), Набережные Челны қуыршақ театры «Муха-Цокотуха» (авт.: Корней Чуковский, инсц.: Павел Акинин), Мұса Жанғазиев атындағы Қырғыз мемлекеттік қуыршақ театры «Эр Төштүк» (авт.: Алтынай Темирова, реж.: Нурлан Асанбеков), Ферғана облыстық қуыршақ театры «Бұл дүниеде мейірім бар ма?» (авт.: Каромат Дильмонов, реж.: Гайрат Хамраев), Қостанай қуыршақ театры «MEN…» (авторы және режиссері: Николаз Сабашвили), Ақтөбе облыстық «Алақай» қуыршақ театры «Жомарт ағаш» (авт.: Шел Сильверстайн, реж.: Антон Зайцев, Роман Бокланов), Астана қаласының әкімдігі «Қуыршақ театры» «Әкемнің хаты» (авт.: Ирина және Ян Златопольский, реж.: А. Салаева), Маңғыстау облыстық қуыршақ театры «Бабалар жері» (авторы және режиссері: Надежда Насырова), Бурса мемлекеттік қуыршақ театры «Ежелгі дәуірде» (авторы және режиссері: Ышыл Касапоғлу) спектакльдерімен қатысты. Фестиваль аясында негізгі қойылымдардан бөлек шеберлік сабақтары ұйымдастырылды. Театр директорларына арналған театр менеджменті бойынша шеберлік сыныптары қатысушылар үшін маңызды тәжірибелік алаңға айналды. Себебі заманауи театрдың дамуы тек шығармашылық ізденіспен шектелмей, тиімді басқару, жоспарлау және халықаралық байланыстарды орнатуды талап етеді. Осы орайда өткізілген шеберлік сабақтары болашақта театрлардың ұйымдастырушылық деңгейін арттыруға, кәсіби менеджменттің жаңа қырларын меңгеруге ықпал етті. Сонымен қатар, қуыршақ жүргізу өнері бойынша өткен шеберлік сағаты отандық актерлер мен режиссерлерге қуыршақ жүргізудің заманауи тәсілдерімен танысуға, сахналық бейнелеу құралдарын кеңейтуге мүмкіндік берді. Шеберлік сағаты барысында қатысушылар қуыршақпен жұмыс істеудің қыр-сырын меңгерді. Мұндай іс-шаралар қазақ қуыршақ театрының кәсіби деңгейін арттыруға, жас мамандардың шығармашылық ізденісін ынталандыруға зор үлес қосады.

Фестивальдің әділқазылар алқасының құрамы халықаралық деңгейде танылған тәжірибелі мамандар болды. Олар: әділқазылар алқасының төрайымы – театртанушы, өнертану ғылымдарының кандидаты, Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясының профессоры, «Театр өнерінің тарихы мен теориясы» кафедрасының меңгерушісі, Халықаралық театр сыншылары бірлестігінің құрылтайшысы Анар Еркебай (Қазақстан). Сонымен қатар, Ресейден – театр режиссері, продюсер, Халықаралық «Кукарт» фестивалінің президенті Давид Бурман, Түркиядан – «ТЕМПО» қуыршақ театрының директоры әрі Анкарадағы Халықаралық қуыршақ фестивалінің жетекшісі Марина Юдже, Оңтүстік Кореядан – Янчхон өнер және мәдениет қорының төрағасы, PhD Дон Хи Чун, Қазақстаннан – театртанушы, өнертану ғылымдарының кандидаты, Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясының доценті Меруерт Жақсылықова.
Әділқазылар алқасының сараптауы нәтижесінде «Ұлттық дәстүрді сақтағаны үшін» номинациясымен Әзірбайжан мемлекеттік қуыршақ театры, Түркияның Бурса мемлекеттік театры және Шымкент қалалық қуыршақ театры марапатталды. «Тарихи жадыны сақтағаны үшін» номинациясын Астана қаласы әкімдігінің «Қуыршақ театры» иеленді. Қырғызстанның Мұса Жанғазиев атындағы қуыршақ театры «Ең үздік сценография» номинациясында жеңімпаз атанды. Ақтөбедегі «Алақай» қуыршақ театрының актрисасы Гаухар Оралбай «Ең үздік актриса» марапатына ие болса, Ресейдің Набережные Челны мемлекеттік қуыршақ театрының актері Егор Митрофанов «Ең үздік актер» атанды. Өзбекстанның Ферғана облыстық қуыршақ театры «Ең үздік актерлік ансамбль» номинациясында үздік деп танылды. Ал Қостанай облыстық қуыршақ театрына Маңғыстау облысы әкімінің арнайы сыйлығы берілсе, фестивальдің ең басты марапаты – гран-при Маңғыстау облыстық қуыршақ театрының «Бабалар жері» спектакліне бұйырды.
«Бабалар жері» спектаклі – қазақ халқының тарихи тамырын, рухани жадын қуыршақ өнері арқылы көркем жеткізген ерекше туынды. Қойылымның режиссері Надежда Насырова – Маңғыстау облыстық қуыршақ театрының режиссері, шығармашылық жолында ұлттық рух пен заманауи театр тіліне үндестік тапқан тұлға. Оның айтуынша, қазақ халқының фольклорына негізделген спектакльдер қою үшін алдымен осы елдің рухани болмысын, тарихы мен дәстүрін, менталитеті мен мәдениетін терең түсіну қажет. Надежда Насырова сахналаған «Сұрмерген», «Сиқырлы сандық», «Әжемнің ертегілері» сынды спектакльдерінде ұлттық бояу мен заманауи ой-толғам үйлесім тапқан. Ол әр туындысында қазақ халқының рухын, дүниетанымын, мәдени мұрасын жаңғыртып, қуыршақ театрының тілімен шебер жеткізеді. «Бабалар жері» спектаклі де осы ізденістердің айғағы болып табылады.
«Nomad Puppet Aktau» І Халықаралық қуыршақ театрлары фестивалі өнердің осы саласына жаңа серпін берген маңызды оқиға болды. Әртүрлі елдерден келген театр ұжымдары ұлттық болмысын сақтай отырып, заманауи ізденістерін ортаға салды. Ол тек кәсіби тәжірибе алмасу алаңы ғана емес, сонымен қатар шығармашылық бірлікті нығайтқан, ұлттық мәдениеттердің тоғысын көрсеткен мәдени құбылысқа айналды.
Фестивальдің маңызы қуыршақ театрының бүгінгі күнгі көркемдік мүмкіндіктерін паш етіп, жас ұрпақ тәрбиесіндегі орны мен мәнін айқындауында. Қуыршақ театрының балалардың қиялын дамытып, рухани әлемін байытатын маңызды өнер саласы екендігі анық. Ал ТҮРКСОЙ ұйымы мұндай игі бастамаларды түркі дүниесінің мәдени мұрасын дәріптеудің жарқын көрінісі ретінде бағалады. Бұл шара Ақтау қаласының мәдени брендін қалыптастырып қана қоймай, қазақ қуыршақ театры өнерінің халықаралық аренада танылуына жол ашты. Балалар мен жасөспірімдер үшін эстетикалық тәрбие мектебі болған бұл өнердің тәрбиелік, ағартушылық мәні зор. Демек, аталған мәдени жоба тек бір реттік шара емес, болашаққа бағытталған, өнерді дамытудың жаңа арнасына айналатын бастама ретінде бағалануы тиіс.
Талғат Есеналиев
Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының директоры


