Ақтөбе ферроқорытпа зауыты Елек өзеніне 46 мың тұқы балығын жіберді
Eurasian Resources Group (ERG) құрамындағы «Қазхром»ТҰК» АҚ филиалы Ақтөбе ферроқорытпа зауытының қызметкерлері табиғи балансты толықтыру шеңберінде балық санын көбейту қамындағы жыл сайынғы экологиялық акцияны қайталады. Жобаны қолға алғалы бері металлургтер өзенге 400 мыңнан астам тұқы балығын жіберген.
Шара әкімдіктің ауыл шаруашылығы басқармасының, Тобыл-Торғай облысаралық бассейні балық шаруашылығы инспекциясы мен Ақтөбе облысы бойынша «Қазақ балық» бірлестігі өкілдерінен құралған комиссияның бақылауымен жүргізілді.
– Түрлі факторларға байланысты облыстағы балық қорының жағдайы күрделі мәселеге айналып отыр. Өзенге жіберілген балықтың жалпы көлемінің тек бір бөлігі ғана аман қалатыны анық. Сондықтан өнеркәсіп кәсіпорындарының балық жіберу үрдісін тоқтатуға болмайды. Керісінше, оны әрі қарай жалғастырып, көбейту керек, — деді «Қазақ Балық» бірлестігінің басшысы Орынбасар Ысқақов.
Балықтың нақты осы түрін таңдаудың мәні бар. Тобыл-Торғай облысаралық бассейнді инспекциясының балық инспекторы Асланбек Өтениязовтың айтуынша, тұқы тез өседі. Бейімделу қабілеті жоғары. Шабақтардың суға жіберілген тұсы – ескі жерснаряд ауданы. Оны балық инспекциясы белгілеп берген. Сарапшылардың сөзінше, мұнда балықтардың тіршілігі үшін қолайлы факторлар бар – судың тереңдігі, ағыстың қатты болмауы, шабақтарды суға жіберуге қолайлы орынның болуы.
– Бір-екі жылда тұқылар айтарлықтай өсіп-жетіледі. Жыртқыш балықтардың жемтігіне айналу қаупі бар жас шабақтар үшін бұл кезең өте жылдам. Бүгінгі таңда Ақтөбе ферроқорытпа зауыты жіберетін балық көлемінің шамамен 30-40%-і өсіп, өніп кетеді. Бұл – жақсы көрсеткіш,- деді Асланбек Өтениязов.
Ақтөбе облысындағы тұқы өсіретін жалғыз кәсіпорын – «Ардағым» шаруа қожалығы. Ақтөбе ферроқорытпа зауыты үшін жыл сайын балықты осынан сатып алады.
– Біз 2016 жылдан бері балық жіберумен айналысамыз және ұзақ жылдар бойы осы балық шаруашылығымен бірге жұмыс істеп келеміз, — деді Ақтөбе ферроқорытпа зауыты бас энергетик бөліміндегі балықтандыру жобасының кураторы Оралхан Қауметов. – Барлық процедураларды сақтай отырып, үйлесімді жұмыс атқарып келеміз. Облысымызда мұндай балық шаруашылығының болуы ерекше маңызды әрі олардың әрі қарай дамығанын қалаймыз.
Ақтөбе ферроқорытпа зауытында жыл сайын балық ресурстарын молайту қамында өтем шаралары жүргізіледі. Балықтандыру нормасы кәсіпорын пайдаланатын су көлеміне қарай есептеледі.
Қоршаған ортаға қамқорлық – біздің негізгі басымдығымыз. Өндірістік қызметіміздің кез келген кері әсерін азайтуға тырысамыз, — деп атап өтті «ҚазхромТҰК» АҚ қоршаған ортаны қорғау бөлімінің басшысы Светлана Мащенко. – Біз өтем шараларының қажет екенін түсінеміз. Су биоресурстарын толықтыру – осының бір тармағы. Зауытта бұл маңызды табиғи ресурсты ұтымды пайдалануға мүмкіндік беретін сумен жабдықтаудың қатаң тұйық циклі қолданылғанын ерекше атап өткім келеді.