Ақтөбе ферроқорытпа зауытында еңбек етіп жүрген 110 металлург жеңілдетілген шартпен баспаналы болады
2024 жылы Eurasian Resources Group (ERG) құрамындағы «Қазхром» ТҰК» АҚ Ақтөбе ферроқорытпа зауыты металлургтерінің тұрғын үй жағдайын жақсартатын арнайы бағдарлама қолға алынады. Оған қатысушылар отбасы банкінен жеңілдетілген жылдық 5% үстемемен (жылдық тиімді үстемақысы 5,2%-дан басталады) займ ала алады. Бұл жерде металлургтерге міндетті бастапқы жарна мөлшері 10% межесінде.
Өзара әріптестік туралы үшжақты меморандумға Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Ғалымжан Елеуов, Отбасы банкі төрайымының орынбасары Нұрлан Ақшанов пен Еуразиялық Топ (ERG) Бас директорының қаржы жөніндегі орынбасары Данияр Рахматуллаевтар қол қойды.
Бағдарламаға мұрындық болғандар оны іске асыруға әр тараптан 700 млн теңгеден бағыттайды. Нәтижесінде оның жалпы бюджеті – 2,1 млрд теңгеге жетеді. Бұл 110 отбасының баспаналы болуына сеп.
Зауыт қызметкерлері арасында баспананы үлестіруде әкімдікте кезекте тұрғандарға басымдық беріледі. Металлургтер Ақтөбеде бастапқы немесе екінші нарықтағы пәтерлерді өздері таңдайды.
– Биыл біз Ақтөбе облысында рекордтық көлем – 1,2 млн м2 тұрғын үйді пайдалануға беруді жоспарлап отырмыз. Бұл көптеген отбасылардың тұрмыс жағдайын жақсартып, аймақтың инвестициялар мен өмір сүруге тартымдылығын арттырады. Ақтөбе ферроқорытпа зауыты сынды өнеркәсіп кәсіпорындарының қызметкерлеріне, қарапайым еңбек адамдарына жеңілдікпен бапаналы болу мүмкіндігін ұсына отырып, біз олардың орнықты әрі тұрақты дамуына септесеміз. Облыс әкімдігі әрдайым осындай әлеуметтік маңызды жобаларды қызу қолдап, өзге де қуатты кәсіпорындарды ERG тәсілін қолдануға шақырамын,- деді Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Ғалымжане Елеуов.
Үйлі болудан үміттілер тізімін «Қазхром» ТҰК» АҚ Тұрғын үй комиссиясы жасайды. Бағдарламаға соңғы 5 жыл өзінің және отбасы мүшелерінің атында ҚР аумағында баспанасы болмаған, үйге мұқтаж қызметкерлер қатыса алады.
Іріктеуден өткендер міндетті 10 пайыздық бастапқы жарнаны салған соң, Отбасы банкі оларға 5% үстемемен (жылдық тиімді үстеме ақысы 5,2%-дан басталады) займ береді. Займның максималды көлемі – 20 млн теңге. Алайда, бағдарламаға қатысушы одан да қымбат пәтер алғысы келсе, қалғанын жеке қаражаты немесе зейнетақы жарнасынан артылған салымын пайдала алады.
– Біз қызметкерлерімізге арналған тұрғын үй бағдарламамызды мақтан тұтамыз. Ұзақ жылдар бойы еуразиялықтар мен олардың отбасыларына жайлы жағдай жасауға талыпынып келдік. Бұл істі бұдан ары да жалғастыра береміз. Біз өз ұжымымыздың әл-ауқаты жоғары әрі бақытты болғанын қалаймыз. Біздің тұрғын үй бағдарламамыз – қызметкерлердің өмір сапасын жақсартуға септесудің бір тәсілі, – дейді ERG Директорлары кеңесінің төрағасы Александр Машкевич.
Тек соңғы 7 жылда Ақтөбе ферроқорытпа зауытында еңбек етіп жүрген 180 металлург баспаналы болған. Ал жалпы алар болсақ, 2009 жылдан бері ERG кәсіпорындарында еңбек етіп жүрген 2 000 отбасы қоныс тойын тойлады.
– Отбасы банкі күн сайын 250 отандасымыздың жеңілдетілген шартпен баспаналы болуына септеседі. Осылайша, қарапайым еңбек адамдарының үйлі болып жатқаны бізді қуантады. «Кәсіпорын қызметкері баспаналы болды» дегенде, біз оның отбасы мүшелерінің де «өз үйі – өлең төсегі» болатынын білеміз. Яғни, бұл тек бір адам емес, бірден 3-4 адамның қуанышы. Таяуда олардың жеке өз үйлері болады. Біз олардың отбасыларына береке тілейміз,- деді Отбасы банкі төрайымының орынбасары Нұрлан Ақшанов.