Ақтөбе футболына еуропалық тәжірибе енгізіледі
Облыс әкімі Асхат Шахаров голландиялық маман Раймон Аттевельдпен кездесті.
Кездесуге сондай-ақ, «Ақтөбе» футбол клубының басқарма төрағасының міндетін атқарушы Азамат Шайхы мен футбол орталығының басшысы Валерий Прихно қатысты.
Басқосуда тараптар өңірдегі футболды дамыту келешегін, алаңда ойнау жүйесін ретке келтіру, тәжірибе алмасу, бапкерлік және ойыншылар құрамын күшейту мәселелерін талқылады. Әлемдегі үздік футбол әдістемелерінің бірі «Ақтөбе» клубы, оның ішінде балалар футболының тәжірибесіне енгізіледі.
Өз кезегінде Раймон Аттевельд «Ақтөбе» футбол клубының әлеуетіне оң бағасын берді. Голландиялық маман жергілікті команданың, академия тәрбиеленушілерінің алдағы уақытта жоғары жетістіктерге жететініне сенім білдірді.
Бір күн бұрын Раймон Аттевельд «Ақтөбе» футбол клубының жас жаттықтырушыларына шеберлік сағатын өткізді. Ол футболмен айналысатын балалардың бапкері қандай болу қажеттігін және қазіргі футбол үрдістерін тарқатып айтып берді.
Айтып өтейік, 57 жастағы Раймон Аттевельд футболшы ретінде Нидерландыдан бөлек, Бельгия мен Англия елдерінде ойнаған. Бапкер ретінде өз Отанында және Кипр, Израиль, Украина мемлекеттерінде қызмет еткен. Қазақстандағы алматылық «Қайрат» академиясының да іргетасын қалауға атсалысқан.