Ақтөбе мектептерінде сабақтар қалыпты жағдайда өтеді
Ақтөбе қаласындағы мектептерде сабақтар қалыпты жағдайда өтеді, деп хабарлады Ақтөбе облысының білім басқармасының басшысы Жайық Сұлтан.
«Ата-аналарды дүрбелеңге түспеуін және тек ресми деректерге сүйенуін, сондай-ақ жалған ақпараттың таралуына ықпал етпеуін сұраймын. Қала мектептері әдеттегідей, штаттық режімде жұмыс істейді, мектептердің ешқайсысында төтенше жағдайлар тіркелмеген. Мектептерге жасалған шабуылдар туралы ақпараттың жалған екендігі сенімді түрде анықталды. Қашықтықтан оқыту форматына ауысуға ешқандай себеп жоқ», — деді Жайық Сұлтан.
Өз кезегінде Полиция департаментінің басшысы Абай Жүсіпов қаланың барлық мектебінде қауіпсіздікті қамтамасыз етуге көңіл бөлінгенін алға тартты.
«Терроризм актісі туралы жалған хабар тарату фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Осы ақпаратты таратқан адамдарды анықтау бойынша жедел іс-шаралар жүргізілуде. Азаматтардан арандатушылыққа берілмеуін сұраймыз», — деп атап өтті А. Жүсіпов.
Ақтөбе қаласында жедел жағдай тұрақты, алаңдаушылыққа негіз жоқ. Жалпы білім беру мекемелері штаттық режимде жұмыс жасауда, олардың қауіпсіздігі полиция жасақтарымен қамтамасыз етіледі. Оқу орындарында, оның ішінде бейнебақылау жүйесі арқылы қауіпсіздікті қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөлініп отыр. Жасақтар білім беру ұйымдарына барынша жақын. Азаматтардан арандатушылыққа берілмеуді және тек ресми
ақпаратқа сенуді сұраймыз.
Еске салсақ, облыс әкімі Асхат Шахаров Ақтөбе қаласының бірқатар мектебін аралап қайтты.