Ақтөбе облысында су тасқыны салдарын жою мақсатындағы жұмыстар
Су тасқыны салдарынан 4 087 тұрғын үй мен саяжай зиян шекті. Соның 3 067-3 техникалық байқау қорытындысы бойынша жарамды. Комиссия шешімімен 3 005 үйдің иесіне баспанасын жөндеу үшін 9 млрд теңгеге жуық қаржы аударылды. Қалған 1020 үй апатты деп танылды.
Бүгінгі таңда 505 отбасы үшін жаңадан баспана салынып жатыр, 515-і бойынша тұрғын үй сатып алу жоспарланған. 446 отбасы жаңа баспанасында қоныстойын тойлады.
Су тасқыны ең алдымен Темір ауданына әсер етті. 98 тұрғын үй зардап шекті, оның 57-сі – жарамсыз күйде қалды. Баспанасыз қалған отбасыларға үй салу немесе дайын үй сатып алу таңдау ұсынылды.
Мемлекет қолдауының арқасында 36 отбасыға екінші нарықтан үй сатып алынды. 21 отбасы Құмсай ауылында салынып жатқан үйлерін күтіп отыр.
Жем өзенінің бойында тұратын халық үшін су тасқыны нағыз күйзеліс болды. Табиғат апатынан Мұғалжар ауданында 76 тұрғын үй, 3 сауда нысаны, 8 шаруа қожалығы зардап шекті.
Көктемгі тасқын кезінде су басқан Жағабұлақ ауылында 9, Бірлік ауылында 5 үй салынып жатыр. Ауданда 7 үй жөнделіп, екінші нарықтан 55 отбасыға баспана сатып алынды.
Қобда ауданында 147 үй салынып жатыр. Аудан орталығында 130 үй, Жарық ауылында 17 үй тұрғызылуда. Бұл ауданда су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарға салынып жатқан алғашқы 10 үй дайын болды. Өңірде жүздеген техника мен жұмысшылар еңбек етіп жатыр. Жоспар бойынша тұрғындар жаңа баспана кілтін тамыз айының соңына дейін алуы тиіс.
Облыста ең көп үй – Ойыл ауданында, оның ішінде Қаратал ауылында салынуда. Аудан бойынша 177 үй бой көтеруде, 130 дайын үй сатып алынған. Қаратал наурыз айының соңында су тасқынына ұшырап, 210 үйді су басып қалды.
Жарамсыз күйге түскен 131 баспананың орнына жаңасы салынып жатыр. Шатырлары жабылып, терезесі мен есігі салынып, үйлердің ішін әрлеу, сылау жұмыстары жүріп жатыр. Ал 61 отбасы дайын үйге көшкен. 18 отбасының баспанасы жөндеуге жатқандықтан, өтемақы төленгенін айта кеткен жөн.
Су тасқыны кезінде тұрғын үйлермен қатар, әлеуметтік нысандар, бөгеттерге де зақым келген болатын. Облыс аумағында орналасқан 206 гидротехникалық құрылымның 15-і қираған. Қазіргі уақытта қажетті жөндеу жұмыстары жүргізілуде. 2025 жылғы су тасқыны кезеңіне дайындық мақсатында қауіптің алдын алу шаралары қолға алынған.
Одан бөлек, өңірде 58 көлік инфрақұрылымының нысанын қалпына келтіру жоспарланып отыр. Бұзылған жолдарды жөндеу және реконструкциялау үшін ҚР Үкіметінің резервінен 10,2 млрд теңге, облыстық резервтен 6,4 млрд теңге бөлінді. Қазіргі уақытта сараптама нәтижелері күтілуде.
100 су өткізгіш құбырды, 23 көпірді, 47,2 км жолды салу және жөндеу жоспарланған.