Ақтөбе облысындағы экологиялық проблемаларды кешенді шешу жөніндегі Жол картасы бекітілді

Өңір басшысы Асхат Шахаровтың төрағалығымен өткен аппараттық жиында белгілі болды.
Ақтөбе облысы бойынша Экология департаментінің басшысы Ербол Қуанов қоршаған ортаның жай-күйі және өзекті экологиялық проблемалар туралы баяндады.
Ақтөбе облысы – индустриалды дамыған аймақ болғандықтан, қоршаған ортаға белгілі бір әсер етеді.
Бүгінгі күні «Ақтөбе облысының 2024-2026 жылдарға арналған экологиялық проблемаларды кешенді шешу жөніндегі Жол картасы» Департаментпен өзектендіріліп, ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі және облыс әкімдігімен бекітілді. Бұл Жол картасында 44 іс-шара жоспарланып, оның 17-сі жергілікті бюджет есебінен қаржыландыруды қажет етеді. Құжатта көрсетілген экологиялық проблемаларды шешу үшін Департамент Табиғи ресурстар басқармасымен бірлесіп, осы 17 іс-шараның техникалық тапсырмаларын әзірлеуде.
Облыстың бірегей гидрогеологиялық нысаны саналатын «Көкжиде» кен орнының жерасты суларында маңызды экологиялық проблема бар. Бүгінгі таңда, осы кен орнының аумағында 5 жер қойнауын пайдаланушы көмірсутек шикізатын барлау және өндіруді жүзеге асырады. Қазіргі уақытта кәсіпорындардың қызметін 2032 жылға дейін кезең-кезеңімен тоқтату жөніндегі іс-шаралар жоспары келісілді.
«Баяндамада негізгі проблемалар қамтылған. Бізде оларды 3 жылдың ішінде шешуге мүмкіндік беретін Жол картасы бекітілді. Енді уақытымызды шексіз талқылауларға арнамай, нақты істермен айналысуымыз керек, өйткені экология мәселесі кейінге шегеретіндей мәселе емес. Негізгі міндет – проблемаларды жазып қана қоймай, оларды жою мақсатында белсенді жұмыс істеу. Облысымыздың тұрақты болашағын қамтамасыз ету үшін батыл әрі мақсатты әрекет етуіміз керек», — деді Асхат Шахаров.
Маңызды жиынның қорытындысы бойынша облыс әкімі экология саласындағы барлық сарапшыларды, экобелсенділерді жұмыс процесінің қажеттілігіне қарай тартуды тапсырды.