Ақтөбеде маңызды жүйенің іргесі қалануда
ERG құрамындағы «Қазхром» ТҰК» АҚ филиалы – Ақтөбе ферроқорытпа зауытында жаңа газ тазарту жүйесі салынып жатыр. Зауыттың қатарынан екі балқыту цехына салынып жатқан бірегей жобаға Еуразиялық Топ 12 млрд теңгеден астам қаржы бағыттады. Бұл құрылғыны толық жаңарту – үрдісті автоматтандыру және экологиялық мәселелерді шешуде қолжетімді ең озық технологияларды пайдалану деген сөз. Жаңа жүйе іске қосылғаннан кейін қоршаған ортаға әсер 30%-ға төмендейді деп күтілуде.
– Ірі өндірістік компания бола тұра, қоршаған ортаны қорғау саласы бойынша туған қалалар, қызметкерлер мен олардың отбасылары алдындағы жауапкершілікті жақсы түсінеміз. Сондықтан ERG үшін экология мәселелері – әрқашан басым бағыт. Бүтін бір Экологиялық стратегия әзірленген. Соның аясында қолжетімді ең үздік инновациялық шешімдер енгізіліп жатыр, – дейді «Қазхром» ТҰК» АҚ президенті Сергей Прокопьев. – Үздік әлемдік стандарттарға ұмтылып, Ақтөбе ферроқорытпа зауытындағы бірінші және екінші балқыту цехтарының газ тазарту құрылғысын толығымен жаңғырту бағдарламасын әзірледік. Бұл мүлдем жаңа, тиімділігі өте жоғары заманауи кешендер болмақ.
Жаңғырту бағдарламасы аясында екі балқыту цехының газ тазалау жүйесі толығымен жаңартылады. Кезінде бұл бағдарлама Ақтөбе облысының экологиялық жағдайын жақсарту жөніндегі жол картасы іс-шараларының тізіміне енген. Бүгінде жобаны іске асыруға 200-ден астам маман мен 23 техника жұмылдырылған.
– Ақтөбе ферроқорытпа зауытында мұндай ауқымды қайта құру жұмыстары алғаш рет жүруде, – деді «Қазхром» ТҰК» АҚ жобаларын іске асыру басқармасының жоба жетекшісі Виктор Колмычков. – Технологиялық мәселемен шетелдік компания айналысты, шешімді ұсынбас бұрын ол ұзақ уақыт бойы өндірістің бүгінгі жағдайын зерттеді. Толығымен бәрін жаңартамыз дегеніміз – көнерген барлық құрылғыларды бұзып, орнына жаңасын қондырамыз. Қазір барлық электрлі сүзгілер әлдеқайда тиімді жеңдік сүзгілерге ауыстырылып жатыр. Олардың жұмыс тиімділігі 99%-дан асады. Біреуінің өзі 1170 м2 алаңды тазарта алады. Бір сүзгі 11 шақырымды қамтиды екен. Осындай жалпы саны үш сүзгі орнатылады.
Жаңа газ тазалау кешендері толығымен автоматтындырылады. Ал барлық көрсеткіштер цифрлық тасымалдағыштарда сақталады. Нәтижесінде қажетті ақпаратқа жылдам қол жеткізуге болады. Бұл мәліметтердің ашықтығы мен жылдамдығын көрсетеді.
Ақтөбелік металлургтер осы жазда жаңа газ тазалау құрылғысын іске қосуды жоспарлап отыр.