Ақтөбелік балабақша бүлдіршіндері үстел теннисін үйренуде
Бірегей жоба облыс бойынша 20 балабақшада іске қосылды. Оның алтауы аудандарда жүзеге асырылады.
Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Евгений Гончаровтың айтуынша, «Балабақшадағы үстел теннисі» жобасы балаларды шынықтырып қана қоймай, шығармашылық ойлауын, сондай-ақ командада жұмыс істеу қабілетін дамытуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар бұл ойын белсенді балалар үшін өте қолайлы. Үстел теннисі балаларды зейінді, епті болуға әрі жылдамдыққа үйретеді.
«Балаларды 5-6 жастан бастап оқытады. Жоба Ақтөбе қаласының Құрашасай елді мекеніндегі «Әуесқой бала» балабақшасы мен Қанағат тұрғын алабындағы, сондай-ақ Алға, Байғанин, Темір, Ойыл, Шалқар және басқа да бірқатар аудандағы 20 балабақшада енгізілді. Аталған жоба аясында бастапқы кезеңде 500-ден астам бала қамтылады. Жыл соңына дейін үстел теннисіне мектеп жасына дейінгі кемінде 1500 бала оқытылады», — деді Евгений Гончаров.
Жоба Ақтөбедегі үстел теннисінен балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің жаттықтырушылар ұжымы әзірлеген «Мектеп жасына дейінгі балалардың үстел теннисіне деген қызығушылығын қалай дамыту керек» бейімделген бағдарламасы негізінде тәжірибелі жаттықтырушылардың басшылығымен жүзеге асырылды.
Бүгінде облыстағы 12 ауданның орталығындағы балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі базасында 1000-нан астам бала үстел теннисі бойынша кәсіби түрде айналысады. Статистикаға сәйкес, үстел үсті ойындарымен 11000-нан астам адам шұғылданады.