Ақтөбелік көпбалалы отбасы Jas tolqyn таланттар байқауында Гран-при иеленді

5–10 маусым аралығында Ақтауда Jas tolqyn – 2025 жас таланттар байқауының екінші кезеңі өтіп жатыр. Шараға Батыс Қазақстанның төрт өңірінен — Ақтөбе, Атырау, Маңғыстау және Батыс Қазақстан облыстарынан 350-ден астам өнерлі бала қатысуда.

Байқаудың ең әсерлі әрі есте қаларлық сәттерінің бірі — Ақтөбеден келген «Шашу» отбасылық ансамблінің өнер көрсетуі болды. Ұжым «Аспаптық жанр» номинациясы бойынша Гран-при жүлдесін жеңіп алып, биыл жылдың соңында Мәскеуде өтетін халықаралық «КҚК – Талантты балаларға» байқауына жолдама ұтып алды.

«Шашу» ансамблі — Жетесовтер отбасының шығармашылық жобасы. Амангүл Ешпанова мен Өмірхан Жетесов 29 баланы тәрбиелеп отыр: төртеуі — туған балалары, ал 25-і — түрлі этностардан шыққан қамқорлықтағы балалар. Ақтауда өткен байқауға Амангүл жеті баласын ертіп келіп, олар қазақтың ұлттық аспаптарында өнер көрсетті. Балалардың шынайылығы, музыкалық қабілеті және жоғары орындаушылық деңгейі қазылар алқасын және көрермендерді тәнті етті.

Байқауда ерекше көзге түскен тағы бір өнер — отбасының тәрбиеленушісі Александра Погорелованың жеке орындауы болды. Ол сазсырнайда қазақ халық күйін орындап, өз номинациясы бойынша екінші орынды жеңіп алды. Оның сезімге толы өнері көрермендердің ыстық ықыласына бөленіп, гала-концерттің шарықтау сәтіне айналды.

Jas tolqyn — бұл тек шығармашылық сайыс қана емес, сонымен қатар «Каспий Құбыр Консорциумы-Қ» АҚ-ның қайырымдылық бағдарламасы аясында ұйымдастырылған ауқымды әлеуметтік жоба. Биыл алтыншы рет өткізіліп отырған байқау дарынды балалар мен жасөспірімдерді қолдауға, олардың шығармашылық әлеуетін ашуға, ұлттық мұраны сақтауға және өз-өзіне деген сенімді нығайтуға бағытталған.

«Шашу» ансамблінің жеңісі — махаббат, қамқорлық пен сенім балалардың талантын ашуға және оларды үлкен сахнаға шығаруға қалай ықпал ететінінің жарқын үлгісі. Енді отбасы Қазақстан атынан Мәскеуде лайықты өнер көрсетуге дайындалуда.