Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті колледжінде ДДСҰ-ның «Қиындықтардан — АИТВ-ға қарсы әрекеттегі өзгерістерге» ұранымен Дүниежүзілік ЖИТС-пен күрес күніне арналған акция өтті

Іс-шара Қазақстанның жыныстық және репродуктивті денсаулық қауымдастығы (КМПА) мен «Шеврон» компаниясы, сондай-ақ Алматы қаласының ЖИТС орталығының серіктестігімен «Болашағымызды бірге жоспарлайық!» жобасы аясында ұйымдастырылды.

Қатысушыларды ұйымдастырушылардың өкілдері — «Шеврон» компаниясынан Ж. Қошпанова және КМПА-дан И. Юзкаева жылы қарсы алды. Алматы қалалық ЖИТС орталығының эпидемиолог дәрігері А. Джуманова вирус тарихы, жұғу жолдары және алдын алу шаралары туралы айтып берді. АИТВ-ның әлем мен елдегі жағдайы туралы Еуразиялық Әйелдер ЖИТС желісінің қоғамдастықпен жұмыс және адвокация жөніндегі кеңесшісі Л. Воронцова ақпарат берді.

Студенттер АИТВ-инфекциясының алдын алу тәсілдері мен жұғу жолдары бойынша викторинаға белсенді қатысып, жеңімпаздар сыйлықтарға ие болды. Өз АИТВ-статусын білгісі келген студенттерге өзін-өзі тестілеу жиынтықтары таратылды.
Мамандар инфекцияны дер кезінде анықтау денсаулықты сақтауда шешуші рөл атқаратынын түсіндірді. Іс-шарада АИТВ-мен өмір сүретін адамдарға қатысты стигманы жоюға ерекше көңіл бөлінді. Сарапшылар қазіргі терапия әдістері толыққанды әрі белсенді өмір сүруге мүмкіндік беретінін, ал вирустық жүктемесі анықталмайтын адамдардың АИТВ-ны жыныстық жолмен таратпайтынын атап өтті. Бұл ақпарат жастардың қызығушылығын тудырып, талқылау тақырыбына айналды.

«Болашағымызды бірге жоспарлайық!» жобасы аясында Астана мен Алматы қалаларындағы ЖОО және колледж студенттері жан-жақты жыныстық білім беру бойынша оқудан өтуде, ал жастар денсаулық орталықтарының мамандары репродуктивті денсаулық, оның ішінде АИТВ тақырыптары бойынша білім алуда.