Алакөл жағалауында мүгедектігі бар жандарға арналған оқыту бағдарламасы өтіп жатыр

Қазақстанда инклюзивті білім беру бағытындағы тың бастамалардың бірі – «Кедергісіз болашақ – білімнен басталады» жобасы аясында мүгедектігі бар жандарға арналған төрт модульден тұратын оқыту бағдарламасы жүзеге асырылуда. Іс-шара Алакөл көлінің жағалауында орналасқан арнайы бейімделген демалыс аймағында өтуде.
Ұйымдастырушылардың мәліметінше, жоба аясында кемінде 80 қатысушы төрт түрлі тақырып бойынша білім алады. Олар: SMM және мақсатты жарнама негіздері, әлеуметтік желілерде жұмыс істеу дағдылары, әлеуметтік кәсіпкерлік негіздері және психологиялық тұрақтылық пен өзін-өзі дамыту тренингтері. Әрбір модуль 24 академиялық сағатты қамтиды, және бір адам тек бір ағынға ғана қатыса алады.
Қазіргі таңда үшінші оқыту ағыны өтіп жатыр. 28 шілде мен 1 тамыз аралығында қатысушылар әлеуметтік кәсіпкерлік бойынша тереңдетілген курстан өтеді. Бұл модуль аясында қатысушылар кәсіп ашу, әлеуметтік идеяларды іске асыру және қоғамға пайда әкелу жолдарын үйренеді.
Үшінші лектің тренері – Эмин Аскеров, Green TAL әлеуметтік шеберханасының және әлеуметтік кәсіпкерлік мектебінің негізін қалаушы, сондай-ақ НИКА орталығының сертификатталған жаттықтырушысы. Оның айтуынша, әлеуметтік кәсіпкерлік – мүгедектігі бар адамдардың өзін-өзі жүзеге асыруына, қоғамға пайдалы болуына және экономикалық дербестікке қол жеткізуіне жол ашады.
Қатысушылар үшін барлық қажетті жағдай жасалған. Олар тегін тұру, тамақтану, инватакси қызметін қоса алғанда трансфер, оқыту материалдары және оңалту құралдарымен қамтылған. Сондай-ақ экзоскелеттер мен арнайы тренажерлер ұсынылған.
Жобаға қатысушылардың кемінде 70 пайызы – әртүрлі шектеулері бар мүгедектігі бар жандар. Оларды қажет болған жағдайда отбасылық мүшелері, қамқоршылар немесе жеке ассистенттер ертіп жүре алады.
Төртінші және соңғы оқыту ағыны 4-8 тамыз аралығында өтеді. Ұйымдастырушылар жобаның қатысушыларға білім мен дағды ғана емес, сонымен қатар жаңа мүмкіндіктер мен сенімділік сыйлайтынына сенімді. Бұл бастама инклюзия қағидаттарын ілгерілетуге және мүгедектігі бар азаматтардың қоғам өміріне белсенді араласуына нақты мүмкіндік береді.