Алан Бөрібаев желтоқсанды Г.Доницеттидің жарқын спектаклімен ашады

Гаэтано Доницеттидің «Махаббат сусыны» комедиялық операсы «Астана Операның» Үлкен залы сахнасына қайта оралады. 6-7 желтоқсанда көрермендерді әлемдік опера репертуарының ең әсерлі әрі көңілді қойылымдарының бірімен кездесу күтеді. «Астана Опера» симфониялық оркестрінің дирижер тұғырына танымал маэстро Алан Бөрібаев көтеріледі.

Бұл маусым «Астана Операның» бас дирижері Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты үшін шынымен мазмұнды болды: жетістіктер  тізімінде Жапониядағы Yomiuri Nippon оркестрімен өнер көрсетулер және Германиядағы концерттік бағдарламалар, Вагнер, Брамс пен Бетховеннің музыкасымен Мадридтегі күзгі триумф, сондай-ақ туған театр сахнасындағы «Риголетто» премьералық қойылымы бар. А.Бөрібаевтың сахнаға әрбір шығуы ерекше оқиғаға айналуда.

Елордалық көрермендерге алғаш рет 2021 жылы желтоқсанда таныстырылған «Махаббат сусыны» қойылымы – қазақстандық әртістер мен танымал еуропалық шеберлердің ынтымақтастығының нәтижесі. Француздық режиссер Арно Бернар, сценограф Эцио Фриджерио және костюмдер бойынша суретші, «Оскар» сыйлығының иегері Франка Скуарчапино опера-буффаның жеңілдігі ауыл романтикасымен бірігетін, әрбір сахнадан оңтүстіктің жылы лебі есіп тұратын қойылым жасады. Қоюшы дирижер Алан Бөрібаевтың басқаруымен спектакль әрдайым жарқын, көңілді әрі әсерлі естіледі.

Осынау желтоқсанның кешінде Адинаның партиясында екі керемет орындаушы өнер көрсетеді. Олар бұл рөлді премьерасынан бастап орындап келе жатқан және оны шетелде, Италияда жетістікпен таныстырған Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Салтанат Ахметова мен «Құрмет» орденінің кавалері Айзада Қапонова. Немориноның рөлін Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жан Тапин мен Рамзат Балакишиев жүзеге асырады. Жан Тапин осы партиядан бөлек, жиырма жылдан астам уақыт бойы оның үзіндісі – Una furtiva lagrima әйгілі романсын орындап келе жатқанын және бұл жауһар киноның нәтижесінде ән сүйер қауым арасында ғана емес, қалың көпшілік арасында да бұрыннан сүйікті қойылымға айналғанын атап өтті. Белькоренің бейнесінде Талғат Ғалеев пен Ержан Саипов өнер көрсетеді, Дулькамараның партиясын Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Евгений Чайников пен Шыңғыс Расылхан орындайды. Джанеттаның рөлінде Ұлпан Әубәкірова дебют жасайды, ал спектакльдің екінші күні бұл бейнеде сахнаға Назым Сағынтай шығады. Сондай-ақ спектакльге «Астана Операның» тамаша хоры қатысады (бас хормейстер – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ержан Дәуітов).

«Махаббат сусыны» – қарапайым, бірақ әлі күнге дейін таңғаларлықтай әдемі хикая. Бай әрі бірбеткей Адина өзіне ғашық Немориноның сезімдерін оп-оңай басқарып, бұл ойынға тіпті сол маңайдан өтіп бара жатқан сержантты да араластырады. Сахнада комедиялық типаждар да, сезімді білдіретін романтикалық сәттер де, жеңіл авантюралар да пайда болады. Барлық шытырман оқиға емші Дулькамара аңқау жасөспірімге барлық тілегіңді орындайды деген уәдемен сатқан сиқырлы дәрінің айналасында өрбиді. Бұл сусын шын мәнінде қарапайым шарап болып шыққанымен, ол кейіпкерлерге сенімділік, шынайылық пен өзара сүйіспеншілік секілді басты қасиеттерге қол жеткізуге көмектеседі.

Г.Доницетти бұл операны шабыт жетегінде жүріп аз уақыт ішінде жазып шыққан, дәл осы бір жайт музыкаға таңғаларлық жеңілдік үстейді. Әуендер құдды бір билеп жүргендей, оқиға желісі қарыштап дамығандай, ал комедиялық жағдайлар әсерлі сәттермен жарасымды өрбігендей болады. «Махаббат сусыны» екі ғасырға жуық уақыт бойы көрермендердің ең сүйікті туындыларының бірі болып келе жатқаны таңғаларлық жайт емес.

Спектакльдердің басталуы 17.00-де.