Алатауда Наурыз алғаш рет атап өтілді

Алматы облысындағы жаңа Алатау қаласында Наурыз мерекесіне арналған ауқымды шаралар алғаш рет өтті. Мерекеге шамамен 5000 тұрғын мен қонақ қатысты. Бұл шара бүкіл қала үшін жарқын әрі ерекше оқиғаға айналды.
Қаланың ауқымдылығын ескере отырып, мерекелік іс-шаралар бірден екі шағын ауданда — Ынтымақ пен Жетігенде қатар ұйымдастырылды. Мұндағы мақсат — әрбір тұрғынның осы шуақты мерекенің атмосферасын сезінуіне мүмкіндік беру. Әр шағын ауданда киіз үйлер тігіліп, келген қонақтарға дәстүрлі тағамдар тегін ұсынылды.
Мерекелік көңіл-күйді танымал әртістер мен жергілікті шығармашылық ұжымдардың өнер көрсетулері толықтырды. Сахнада 5 музыкалық ансамбль, 5 жеке орындаушы, 3 би тобы, сондай-ақ дәстүрлі қазақ күйлерін орындаған 150 домбырашыдан құралған ансамбль өнер көрсетті. Қонақтар халық музыкасы мен билерден ләззат алып, жастар үшін арнайы ұйымдастырылған 7 спорттық жарыс пен 4 дәстүрлі қолөнер шеберлік сағаттарына қатысты.
Мерекенің маңызды бөлігі ретінде қазақ халқының бай мәдени мұрасын айшықтайтын дәстүрлі рәсімдер ұсынылды:
•Тұсаукесер — нәрестенің алғашқы қадамын білдіретін, жарқын болашаққа жетелейтін салт.
•Бесікке салу — сәбиді бесікке бөлеу рәсімі, үлкендердің ақ батасымен қатар жүреді.
•Қыз ұзату — қалыңдықты ұзатып салу рәсімі, ақ тілектер мен дәстүрлі әндермен өрнектеледі.
Мерекенің ең әсерлі оқиғаларының бірі дәстүрлі қазақ ойыны — «Қой көтеру» болды. Бұл сайыста 20 күш иесі шыдамдылық пен төзімділікке сыналды. Жеңімпаз 45 келілік қошқарды иығында 3 минут 18 секунд бойы ұстап тұрды.
Наурыз қарсаңында қалада ауқымды сенбілік ұйымдастырылып, оған 1000-нан астам тұрғын белсенді қатысты. Бірлескен күш-жігердің арқасында жалпы ауданы 25 гектар аумақ қоқыстан тазартылып, көркейтілді.
Алатау қаласының әкімі Аркен Утенов:
«Қаламыздағы алғашқы Наурыз бірлік пен достықтың символына айналды. Көктемгі жаңару әр үйге бейбітшілік, бақыт және амандық әкелсін!»
Алматы облысының әкімдігі