Әлемге әйгілі румыниялық хор алғаш рет Қазақстанда өнер көрсетеді

Румыниялық танымал шығармашылық ұжым – румын мәдениетінің төл белгісіне айналған және дүние жүзі бойынша табысты өнер көрсетіп жүрген «Мадригал – Марин Константин» ұлттық камералық хоры алғаш рет өз өнерін Қазақстанда «Астана Опера» сахнасында ұсынады. «Мадригал: Жібек жолы» бірегей концерті 4 мамырда ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Румынияның Қазақстандағы Елшілігінің қолдауымен өтеді.
Елорда тұрғындары мен қонақтарын көптеген беделді халықаралық марапаттардың иегері атанып, әлемде кеңінен мойындалған румын хор ұжымымен кездесу күтеді. Шығармашылық қызметін 1963 жылы бастаған «Мадригал» хоры ең беделді сахналарда өнер көрсеткен, Румыниядан бөлек, 4 құрлықтағы 40-қа жуық елдің 450-ден астам қаласында мың концерт пен қойылым ұсынған. 2025 жылы «Мадригал» хоры ұжымның негізін қалаушы Константин Мариннің туғанына 100 жыл толуын атап өтіп, аңызға айналған музыкант, композитор әрі дирижерге жыл бойы жалғасатын көптеген жобаларды арнайды.
– «Мадригал: Жібек жолы» біз үшін Қазақстандағы және бүкіл Орта Азиядағы премьералық өнер көрсету болмақ. Көне тарихи, мәдени әрі экономикалық дәстүрлерімен танымал осынау тамаша өлкеге алғаш рет келмекшіміз. Гастролімізді беделді «Астана Опера» сахнасында бастайтынымызға шынайы қуаныштымыз, – деп атап өтті хордың бас дирижері Анна Унгуряну. – Концерт – турымыздағы басты оқиға, «Мадригал: Жібек жолы» еуропалық музыка мен Орта Азияның әуенді дәстүрлерінің таңғаларлық бірігуін көрсетеді.
Анна Унгуряну шоуға өзіндік репертуар ғана емес, сонымен қатар арнайы ойластырылған сценография мен сәулелі безендіру де бірегейлік үстейтінін қоса айтты. – Сондай-ақ бұл концерт үлкен дипломатиялық резонансқа ие және ол ғасырлар бұрын Жібек жолы сауда байланыстарының бойында пайда болған мәдени қарым-қатынастарды жандандыратын ерекше оқиға болмақ. Бұл арада біз Қазақстанды Еуропаны Қытаймен, Батысты Қиыр Шығыспен байланыстыратын Орта Азиядағы маңызды буын ретінде қарастырамыз, – деп атап өтті маэстро Анна Унгуряну. Концерт барысында қазақстандық тыңдармандар дірілсіз техникасымен әрі әртістердің сахнадағы стереофондық орналасуымен ерекшеленетін «Мадригал» хорының өзіне тән айрықша дауысына баға бере алады. Осынау кеште көрермендерге Қайта өрлеу дәуіріне көз жүгіртуге тура келеді. Бұл осы дәуір мәнеріне жататын түрлі-түсті костюмдердің арқасында мүмкін болады. Аталмыш костюмдер 60 жылдан астам уақыттан бері ұжымның төл белгісі болып келеді және олар дүние жүзінде «Мадригал» бейнесінің бір бөлігі ретінде танымал. Хордың ауқымды репертуарының сан алуандылығы да таңғалдырады. Ол Ренессанс дәуірінің музыкасын, классикаға дейінгі және классикалық музыканы, романтизмді, византиялық музыканы, сондай-ақ румын және әлемдік заманауи композицияларды қамтиды.
Румын хорының жылнамасындағы ең айтулы оқиғалардың бірі 2024 жылы өткен әлемдік премьера болды. Ол кезде ұжым хор музыкасының тарихында алғаш рет Оңтүстік Америкадағы Анд тау жотасының шыңында орналасқан Инк өркениетінің аты аңызға айналған көне қаласы Мачу-Пикчу Қасиетті қамалының қирандыларында өз өнер көрсетуінің бейнебаянын түсірді. Сондай-ақ «Мадригал» хорының роликтері әртістердің Румыниядағы Орэштие тауларындағы Дак патшалығының Сармизеджетуза бекінісінің қирандыларында және көне заман тарихы мен сәулетінің көрнекті ескерткіші – Римдегі атақты Пантеондағы ерекше өнер көрсетулері кезінде де түсірілді. Түркі әлемінің жалпы мәдени мұрасына құрметтің белгісі ретінде «Мадригал» хоры Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесінде әсерлі музыкалық бейнебаян түсіреді. Аталмыш кесене еліміздің тарихы мен руханияты үшін маңызды орын саналады. Барлық бейне жобалар «Мадригал» хоры соңғы екі жыл қатарынан жүзеге асырып келе жатқан «Жалпы ежелгі кеңістіктердегі румын заманауи музыкасы» бағдарламасының бөлігі болып табылады.
Концерттің идеясы – таңдап алынған туындылардың музыкасы мен сөзі арқылы Жібек жолы тарихи бағытының бойымен қызықты саяхат жасау. Анна Унгуряну мен режиссер Эмиль Пантелимон «Астана Операдағы» өнер көрсету үшін жасаған бағдарламаға қытай, қазақ және грузин тілдеріндегі шығармалар, сондай-ақ парсы мен үнді мәдениеттерінен негізгі мәтіндер енген. Ал еуропалық репертуардың нағыз қаймағы Византия, Грекия, Италия, Португалия, Испания мен Англиядан туындыларды қамтитын византиялық және ренессанс музыкасы арқылы ұсынылған.
– Румын композициялары мәдениеттеріміз арасындағы көпірге айналуы үшін біз осынау концертке оларды мұқият іріктедік, – деп әңгімеледі Анна Унгуряну. – «Астана Опера» сахнасында орындалатын румын шығармаларының қатарында біздің ең жақсы көретін туындыларымыздың бірі Корнелиу Чезардың «Жалын мен дөңгелегі» бар. Мұнда заманауи румын музыкасына салынған Омар Хайямның айтулы парсы мәтіндері мен Рабиндранат Тагордың үнді поэзиясы ұсынылған. Біз бұл туындыларды дүние жүзінде сан мәрте орындап, тыңдармандардың сүйіспеншілігіне ие болдық, енді олар аталмыш жобаға айрықша гармония үстейді.
Румыниялық ұжымның орындауындағы қазақ халық әндері бағдарламаның маңызды бөлігі болмақ. Анна Унгурянудың айтуынша, концерт хордың қазақ тіліндегі туындыларды алғаш рет орындауымен ерекше оқиғаға айналмақ. Дайындық барысында әртістер қазақ тіліне қатты бауыр басқан.
– Өнер көрсетуде қазақ музыкасына арналған маңызды бөлім бар. «Япурай» және «Әгугай» халық әндері біздің зор қызығушылығымызды оятты, бұл шығармалар біз үшін нағыз жаңалық болғанын айтуым керек. Осы репертуар хор әртістеріне расымен ұнады, сол себепті олар оған шынайы жігермен және өздері үшін керемет қазақ мәдениетін ашуға деген құштарлықпен келді. Мен өзім де әуенді-ырғақты құрылымдардан шабыт аламын және ән мәтініндегі ойлардан маңызды түйінді сеземін. Сіздердің Бухарестегі отандастарыңыз бізді дайындықтарда тыңдап, шынымен тәнті болған еді. Осы туындылармен зейін қойып жұмыс істедік, енді оларды Астанадағы премьерада таныстырғанша асықпыз, – деп пікірімен бөлісті дирижер.
Маэстро Анна Унгуряну турнені «Астана Опера» сахнасында бастау ұжым үшін үлкен мәртебе екенін атап өтті:
“Опера театрының кәсіпқойлар командасымен кездесетін сәтті тағатсыздана күтудеміз. Оларға деген құрметіміз шексіз және осы мүмкіндікті пайдалана отырып, өнер көрсетуге дайындық барысындағы тамаша әріптестік үшін «Астана Операға» алғысымды айтқым келеді. Мен және әріптестерім қазақстандық көрермендермен болатын алғашқы кездесуді тебіреніспен әрі құлшыныспен күтудеміз және олар да Румынияның музыкасы мен мәдениетін қызығушылықпен қабылдайды деген үміттеміз”
Баурап аларлық қасиетінің және дауысты ұдайы жетілдіріп отыруының арқасында музыка сыншылары хордың өнер көрсетуін «Паганинидің қолындағы Страдивари скрипкасымен» салыстырады. Белградтық сарапшы Срджан Тепаричтің пікірінше, «Мадригал» хоры – бұл еуропа кеңістігіндегі ғана емес, сондай-ақ дүние жүзіндегі үлгілі ансамбль». Сондықтан «Астана Операдағы» осынау концерт қазақстандық көрермендерге аты әлемге мәшһүр ұжымның жанды өнер көрсетуін тыңдауға сирек мүмкіндік болмақ.
Telegram-канал: Әлемге әйгілі румыниялық хор алғаш рет Қазақстанда өнер көрсетеді