Әлеуметтік көмек көрсету тетігі цифрландырылды: Жетісу облысында АӘК алушылар саны 27%-ға азайды

Биылғы жылдан бастап елімізде атаулы әлеуметтік көмекті нақты мұқтаж азаматтарға беру және  әлеуметтік көмек көрсету тетігін жетілдіру жөніндегі жаңа шаралар қабылдануда.

Учаскелік комиссиялардың шешімдерін қабылдау кезінде атаулылығы мен мұқтаждығын нақты анықтау мақсатында, «FSM Social» мобильді қосымшасы іске қосылып, учаскелік комиссиялардың қызметі цифрландырылды.

Учаскелік комиссия мүшесі атаулы әлеуметтік көмекке үміткер азаматтың материалдық жағдайын анықтау кезінде «FSM Social» мобильді қосымшасы арқылы геолокациясын, яғни нақты географиялық орнын белгілейді, сол жерде өтініш берушінің келісімімен қорытындысын жібереді.

Бұл мәліметтер «Әлеуметтік көмек» автоматтандырылған жүйеде бірден тіркеледі.

Мұндағы негізгі мақсат –  шешім қабылдау кезінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендету және өтініш берушінің нақты географиялық орнын анықтау болып табылады

Осыған сәйкес, Жетісу облысында жарты жыл ішінде атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылардың саны 27 пайызға азайып отыр.

Мәселен, өткен жылдың осы кезеңінде 4819 отбасы әлеуметтік көмек алған болса, биыл бұл көрсеткіш 3491 отбасыға төмендеді.

Атаулы әлеуметтік көмек алушылардың еңбекке қабілетті мүшелері арасынан 608 адам жұмыспен қамтылды.