Алматы әкімдігінде Паралимпиада ойындарының қатысушысы Кәмиля Досмалованы құттықтады
Кәмиля Досмалова — пара-таеквондодан халықаралық дәрежедегі спорт шебері, ол Парижде өткен XVII жазғы Паралимпиада ойындарында бесінші орын алды. Алматы әкімінің орынбасары Бейбіт Шаханов спортшы мен оның жеке жаттықтырушысы Әнуар Үсеновты ерік-жігер мен табандылықтың үлгісін көрсеткендерін атап өтіп, табысты өнер көрсетуімен құттықтады.
Кездесу барысында Бейбіт Шаханов Кәмиля Досмалова мен оның жаттықтырушысына Премьер-Министр Олжас Бектеновтың атынан алғыс хаттар табыс етті.
Бейбіт Шаханов сонымен қатар Кәмиля Досмаловаға 2 миллион теңгелік ақшалай сертификат, ал Әнуар Үсеновке 1,5 миллион теңгелік сертификатты тапсырды. Сонымен қатар, спортшыға қызметтік баспана берілді.
«Бізге қолдау көрсеткен барлық қазақстандықтарға, сондай-ақ Алматы әкімдігіне зор алғысымды білдіремін. Бұл қолдау менің болашақ жетістіктеріме негіз болады», — деді Кәмиля Досмалова.
Өткен Паралимпиадада Қазақстан құрамасы рекордтық тоғыз медаль жеңіп алды, оның ішінде 2 алтын, 3 күміс және 4 қола.