Алматы әкімі Ерболат Досаев пен China Eastern Airlines төрағасы Ван Чжицин Алматы – Шанхай тікелей рейсін ашу мүмкіндігін талқылады

Шанхайда Алматы әкімі Ерболат Досаев пен China Eastern Airlines Co., Ltd. төрағасы Ван Чжицин кездесті. Келіссөз нәтижесінде Алматы мен Шанхай арасында тікелей әуе рейсін ашуға жәрдемдесу туралы меморандумға қол қойылды.

China Eastern Airlines – штаб-пәтері Шанхайда орналасқан Қытайдың мемлекеттік әуе компаниясы. Ол Қытайдың үш ірі әуе тасымалдаушысының бірі және SkyTeam ғаламдық авиациялық альянсының мүшесі. Компанияның әуе паркі шамамен 780 ұшақтан тұрады, ал бағыттар желісі 175 елдегі 1 150-ден астам бағытты қамтиды.

Кездесу барысында Алматы мен Шанхай арасындағы тікелей рейсті іске қосу мүмкіндігі талқыланды. Бұл рейс Алматыны Азияның жетекші іскерлік және туристік орталығының бірі – Шанхаймен байланыстырады. Қазір Қытайдың Ұлттық азаматтық авиация қызметімен қажетті келісімдер бойынша белсенді жұмыс жүргізілуде. Кездесу аясында Ерболат Досаев Алматы мен Шанхай арасындағы бауырлас қалалар ретінде әріптестік қатынастың нығайып келе жатқанын атады. 2024 жылдан бастап қалалар түрлі салада белсенді ынтымақтастық орнатуда. 2025 жылдың Қазақстандағы Қытай туризмі жылы деп жариялануы қос тарап үшін жаңа бірлескен бастамалар мен туризмді дамытуға қосымша мүмкіндіктер ашады.

Қытай Алматы үшін басым нарықтың бірі болып қала береді. 2024 жылы Алматыға Қытайдан шамамен 100 мың турист келді, ал алдағы жылдары бұл көрсеткіш артады деп күтілуде. Қазіргі уақытта Алматы Бейжің, Үрімжі, Сиань, Ханчжоу және Санья қалаларымен тікелей әуе рейстерімен байланысқан, айына 151 рейс орындалуда. Қытайлық Tongcheng Travel агенттігінің Алматыны «2025 жылдың болашағы зор жаңа бағыты» деп тануы да өсіп келе жатқан туристік қызығушылықтың дәлелі.

Алматы қаласының баспасөз қызметі

Telegram-канал: Алматы әкімі Ерболат Досаев пен China Eastern Airlines төрағасы Ван Чжицин Алматы – Шанхай тікелей рейсін ашу мүмкіндігін талқылады