Алматы әкімі Ерболат Досаев пен Tus-Holdings Co. басшылығы бірлескен инвестициялық жобаларды жүзеге асыру мүмкіндігін талқылады

ҚХР-ға жұмыс сапары аясында Алматы әкімі Ерболат Досаев Tus-Holdings Co. директорлар кеңесінің төрағасы Ван Цзюмен кездесті. Тараптар инновация, технологиялық даму және инвестициялық жобалар бойынша ынтымақтастықтың келешегін талқылады.
Tus-Holdings Co. – Цинхуа университеті негізінде құрылған ғылыми-технологиялық инвестициялық мемлекеттік-жекеменшік холдингтік топ. Оның нарықтық капитализациясы 28 млрд АҚШ доллар. Компанияның әлемнің 80-ден астам қаласында инновациялық техноорталықтары, 200-ден астам технологиялық инкубаторлары және 400 технопаркі бар. Сондай-ақ, Tus-Holdings Co. Бейжіңде «TusPark» жобасын жүзеге асыруда. Бұл әлемдегі ең ірі университет жанындағы ғылыми-технологиялық парк.
Кездесу барысында Қазақстанда бизнес-инкубатор, білім беру кластері және ғылыми парк құру сияқты жобаларды іске асыру мүмкіндігі қарастырылды.
Ерболат Досаевтың айтуынша, Алматыда экономиканы әртараптандыру аясында жоғары технологиялық өндірістер, креативті индустрия, IT-сектор және туризм қарқынды дамып келеді. Қаладағы Индустриалды аймақ пен «ИТП» АЭА бүгінде автомобиль жасау, медициналық бұйымдар өндірісі, ғылыми-білім беру және АКТ (ақпараттық-коммуникациялық технологиялар) салаларында кластерлер қалыптастыратын негізгі алаңдарға айналған.
«Өткен жылдың желтоқсан айында халықаралық рейтинг агенттігі Fitch Алматы қаласының тәуелсіз несиелік рейтингін «BBB+» деңгейінде растады. Бұл Қазақстан Республикасының «BBB» деңгейіндегі егемендік рейтингінен жоғары. Алматының жоғары несиелік рейтингі қарқынды экономикалық дамуымен, жергілікті бюджеттің кірістерінің айтарлықтай өсуімен және төмен қарыз жүктемесімен байланысты. Қазақстанның ең ірі экономикалық орталығы ретінде қаламыз Қытай инвестициялары үшін негізгі хаб болуға дайын», – деді Ерболат Досаев.
Өз кезегінде, Tus-Holdings Co. директорлар кеңесінің төрағасы Ван Цзю «Алматы – Қазақстандағы ең инвестициялық тартымды өңірлердің бірі» екенін атады. Ол компанияның «ИТП» АЭА-пен серіктестікке қызығушылық білдіретінін және Қазақстанды ғылыми және технологиялық бастамаларды жүзеге асыру үшін болашағы зор нарық ретінде қарастыратынын айтты.
Tus-Holdings Co. өкілдері биыл наурыз айында Қазақстанға келіп, жергілікті нарықты зерттеу мақсатында кездесу өткізуді жоспарлап отыр. Сондай-ақ, Алматыда 50/50 үлесімен бірлескен технопарк ашу мәселесі қарастырылады.
Келіссөздердің қорытындысында Ерболат Досаев Tus-Holdings Co. өкілдеріне кездесуге уақыт бөлгені үшін алғыс білдіріп, технологиялық кәсіпкерлік экожүйесін дамыту аясында өзара тиімді серіктестікке сенім артатынын айтты.
Алматы қаласының баспасөз қызметі