Алматы әкімі медицина қызметкерлерін денсаулық сақтауды дамытуға қосқан үлесі үшін марапаттады

Алматы әкімдігінде Медицина қызметкерлері күніне орай қала әкімі Дархан Сатыбалды мен дәрігерлердің кездесуі өтті. Қаланың денсаулық сақтау жүйесін дамытуға қомақты үлес қосқан дәрігерлерге Қазақстан Республикасы Президентінің атынан мемлекеттік наградалар табысталды.

Марапат ұзақ жылдар бойына медицина саласында атқарған адал жұмыстары, жоғары кәсіби біліктілігі үшін берілді.

III дәрежелі «Барыс» орденімен медицина ғылымдарының докторы, мемлекет қайраткері Василий Девятко марапатталды. «Парасат» орденін «Ұлттық медициналық қауымдастық» республикалық қоғамдық бірлестігінің президенті Айжан Садықова алды. «Құрмет» орденімен А.Н.Сызғанов атындағы ҰҒХО жалпы хирургия бөлімінің меңгерушісі Ерлік Нұрланбаев марапатталды. «Қазақстанның еңбек сіңірген дәрігері» құрметті атағы оториноларинголог-дәрігер Айсұлу Нұрмағамбетоваға берілді.

Дархан Сатыбалды денсаулық сақтау саласының тұрақты дамуы кәсіби білікті, ісіне шынайы берілген әрі мықты мамандардың арқасында екенін өтіп, Мемлекет басшысының атынан барлық медицина қызметкеріне жанкешті еңбегі үшін алғыс айтты.

«Біз үшін сапалы медициналық көмектің қаланың барлық аудандарында қолжетімді болуы маңызды. Біз ел Президенті белгілеген бағытты жалғастырамыз. Атап айтсақ, инфрақұрылымды жаңарту, мекемелерді техникалық қайта жарақтандыру, кадрлық әлеуетті дамыту және ауруханаларда да, емханаларда да медициналық қызметтің қолжетімділігін арттыру», – деді Алматы әкімі кездесуге қатысушыларға арнаған сөзінде.

Алматы қаласының баспасөз қызметі