«Almaty Business – 2025» бағдарламасы аясында 38,3 млрд теңгеге 750-ден астам жоба қаржыландырылды

2025 жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша «Алматы» ӘКК» АҚ еншілес компаниялары «Almaty Business – 2025» кәсіпкерлікті дамытудың өңірлік бағдарламасы шеңберінде 4,7 млрд теңге сомасына 44 жобаны қаржыландырды, бұл 320 жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік берді. Өнеркәсіптік өндіріс, қайта өңдеу, медицина, білім беру, туризм, креативті экономика, Спорт және әлеуметтік кәсіпкерлік салаларындағы кәсіпкерлер қаржылай қолдау алды. Бағдарлама 2019 жылы іске қосылған сәттен бастап 2025 жылдың шілдесіне дейін жалпы сомасы 38,3 млрд теңгеге 750 жоба қаржыландырылды.
Қарыздардың ең көп бөлігі өндіріс және қайта өңдеу (45%), әлеуметтік кәсіпкерлік (21%), туризм (17%), денсаулық сақтау (11%), креативті индустрия (6%) және шағын өнеркәсіп парктерін салу (1%) салаларындағы кәсіпорындарға берілді. Аумақтық бөлу бойынша көшбасшылар Бостандық ауданы — 147 қаржыландырылған бастама, Алатау ауданы — 119, Алмалы ауданы — 87, Әуезов ауданы — 84, Медеу ауданы — 83, Наурызбай ауданы — 65, Түрксіб ауданы — 53 және Жетісу ауданы — 50 болды. Жобаларды іске асыру нәтижесінде 5 276 жаңа жұмыс орны құрылды.
«Almaty Finance» басқарма төрағасы Берік Құсайыновтың айтуынша, револьверлік-қайтару тетіктің арқасында бюджеттен бөлінген 25,6 млрд теңге жалпы сомасы 38,3 млрд теңгеге бизнесті жеңілдетілген қаржыландыруды қамтамасыз етті. Бағдарлама өз жұмысын жалғастыруда және Алматы кәсіпкерлерін қолдаудың тиімді құралы болып қала береді.
«Almaty Business – 2025» шеңберінде қаржыландыруға өнеркәсіптік, инновациялық, экспортқа бағдарланған бастамалар, креативті индустриялар, әлеуметтік кәсіпкерлік, шағын өндірістік бизнес жобалары, сондай-ақ АЭА және индустриялық аймақ аумағындағы бизнес-бастамалар жатады.
Алматы қаласының баспасөз қызметі