ALMATY CIRCUS FESTIVAL-дің Бас жүлдесін өзбекстандық даршылар жеңіп алды
Әлемнің 18 елінен 80-нен астам үздік әртістер өнер көрсеткен екінші ALMATY CIRCUS FESTIVAL шарасы зор табыспен өз мәресіне келді. Бір аптаға жуық толық аншлагпен өткен фестивальдің өрісі бұл жолы кеңейе түсіп, Алматы қаласының тұрғындары мен қонақтарының қошеметіне бөлінді.
Нәтижесінде фестивальдің бас жүлдесін Кристина Воробьева жетекшілік ететін Өзбекстанның «Үшінші тыныс» даршылар командасы жеңіп алды. «Үшінші тыныс» нөмірі қазылар алқасының жоғары бағасына ие болып, көрермен көзайымына айналды. Тіпті олардың көрсетілімі кезінде көрермендер тыныс алуды ұмытқандай болды. Себебі, қауіп пен қатерге толы ғажайып қойылымнан кейін көрермендер қошеметін аяған жоқ, орындарының тұрып, бірнеше минут қол соғып жатты.
«Алматы көрермендеріне үлкен рахмет! Мұндай қошеметті күтпеген едік. Өте қуаныштымыз! Өнерімізді биік бағалап, бас жүлдені ғана емес, арнайы сыйлықтарын да берген әділ қазылар алқасына алғысымызды білдіреміз» — деді топ жетекшісі Кристина Воробьева.
Гран-приден бірге өзбекстандық цирк артистері «Armoni Organizasyon» бас директоры Ахмет Экщи (Түркия) мен Қазақ мемлекеттік циркінің ардагерлерінен арнайы сыйлықтарға ие болды, сондай-ақ Санкт-Петербургте өтетін «Без границ» Халықаралық цирк өнер фестиваліне шақырту алды.
Алматы қаласы әкімдігінің арнайы сыйлығымен фестивальге Италиядан арнайы келген сайқымазақ Дэвис Вассалло марапатталды. Оның күлкілі нөмірлері көрермендердің қызығушылығын тудырды. Бұл ретте итальяндық артистің өзі интерактивті қойылымдарына көрермендерді барынша тартуға тырысты.
Алтын жүлде ресейлік трапеция гимнастшысы «Күнге қарау» нөмірін көрсеткен Мария Терентьеваға, оның жерлестері әуе сақинасы «Дуо Антресол» нөмірін ұсынған Светлана Михнюк пен Алина Габбасова, сондай-ақ Қытайдан келген эквилибрист Вонг Мэнчэнге берілді.
ҚР еңбек сіңірген қайраткері Құрманғали Досбатыровтың жетекшілігіндегі алматылық әуешілер Марина Стародубова мен Даяна Жетпісованың дуэті де жүлдесіз қалмады. Олар «Жаңбырда ұшу» атты нөмірі үшін күміс медальді, Түркия мен Грузиядан келген қазылар алқасының арнайы сыйлығын, сондай-ақ Италияда өтетін Халықаралық цирк өнер фестиваліне шақырту жеңіп алды. Эфиопиялық «Қара бүркіттер» мен ресейлік Евгений Комисаренко да үйретілген иттерімен өнер көрсеткені үшін күміс жүлде жеңіп алды. Ал ол кісінің жұбайы, мысықтармен өнер көрсеткен Асель Саралаева Франциядан келген әділ қазылар мүшесі Cirque d’Hiver Bouglione бас директоры Одетта Буглион ханымның арнайы сыйлығын иеленді.
«Фестиваль ұйымдастырушыларына алғысымыз шексіз! Бұл фестивальге үлкен дайындықпен келдік. Мысықтарымыз бен иттеріміздің өнерін Алматы көрермендері жақсы біледі. Екі жыл бұрын жаңа жылдық қойылымдарда өнер көрсеткенде де, осы жолы да үлкен қошеметпен қарсы алып, сыйлықтарын беріп, өз ризашылығын білдіріп жатыр. Фестиваль өнерімізді шыңдай түсті, көптеген әріптестерімізбен байланысты нығайта түсті» — деді ерлі-зайыпты Евгений Комисаренко мен Асель Саралаева.
«Фестиваль жоғары деңгейде өтті. Өзім цирк әулетінінен шыққан соң, маған әрбір аренада қызмет ететін жандар туғанымдай көрінеді. Әкем де, бауырларым да цирк әртістері. Өзім 10 мысықпен жұмыс жасаймын. Оңай деп айта алмаймын, әрқайсысымен кішкентай күнінен жұмыс жасап, мейіріміңе бөлеп, үйретесің. Жолдасым иттерді баулиды. Отбасымызбен жануарларды жақсы көреміз. Екі баламыз бар, олар да бізбен бірге фестивальге келіп, цирк атмосферасын жастайынан сезініп келе жатыр. Алматы көрермендеріне зор ықыластары үшін алғыс айтамын. Өнерімізді көрсетуді жалғастырамыз» — деп Асель Саралаева ойын түйіндеді.
«Қола» жүлдеге әуе гимнастшысы Кимберли Дзаватта (Италия), белдіктегі әуе дуэті Роман Кронжко мен Ангелина Прохорова (Украина), сондай-ақ трапеция гимнастшысы Джоан Годиньо (Португалия) ие болды.
Ал Астана қаласының «Астаналық циркінен» Нұрым Күленбаев жетекшілік ететін «Virtuoso» жонглерлер тобы Қытай ұлттық акробатикалық труппасының арнайы жүлдесімен марапатталды.
«Астаналық циркінің» бас директоры Ерік Жолжақсынов:
«Фестиваль ұйымдастырылуы халықаралық шаралардағыдай, тіпті, асып кетпесе кем емес. Фестиваль арқылы цирк өнері, өзара байланыс, ел назары нығая түседі. Қазақ циркі 55 жылда үлкен биіктерден көрініп келеді, сол себептен өзгелер біздің әртістермен жұмыс жасап, олардан тәлім-тәжірибе алмасуға асық. Әрине, қуана-қуана өз білімімізбен бөлісуге ұмтыламыз. Биылғы фестивальге Астанадан жонглерім келіп, Қытай Ұлттық акробатикалық труппасының Президенті Ли Чи мырзаның арнайы сыйлықғын қанжығасына байлап отыр. Басында толқу болды, әрине, себебі, бұл шаңырақтың өз мысы бар. Алайда, біздің әртістер өнерін жақсы көрсетіп, көрермендердің жоғары бағасын алғаны қуантады»
Естеріңізге сала кетейік, Қазақ мемлекеттік циркіндегі фестиваль бағдарламасы 25 тамызға дейін жалғасады. Билеттерді цирк кассасынан немесе Ticketon.kz сайтынан алуға болады.