Алматы Condé Nast Traveller журналының назарында
Танымал итальяндық Condé Nast Traveller журналы Алматы жайлы кең көлемді материал жариялады. Лючия Галлидің мақаласы мен Джакомо Брецельдің фотосуреттері қаланы бай мәдениет, табиғи сұлулық және заманауи динамика үйлескен ерекше саяхат бағыты ретінде таныстырады.
Авторлар Алматыны Шығыс пен Батыс тоғысқан, дәстүр мен заманауи трендтер үйлесім тапқан орын ретінде сипаттайды.
Мақалада Алматының таңғажайып табиғи көріністері ерекше аталып өткен: Іле Алатауының асқақ таулары, Алтын Емел ұлттық паркінің «ән салатын» құм төбелері, су астындағы орманымен әйгілі Қайыңды көлі, Көлсай көлдері және бірегей Шарын каньоны. Табиғи мұраны Панфилов көшесі, Көк базар және Көк-Төбе секілді қаланың көрікті жерлері толықтырады.
Журнал мегаполистің гастрономиялық байлығын да ерекше атап өтеді. Дәстүрлі қазақ тағамдарынан бастап, жергілікті асхананы неономадтық интерпретацияда ұсынатын заманауи мейрамханаларға дейін көрсетілген.
Алматы мақалада өз мәдени мұрасымен, сәулетімен және қонақжайлылығымен шабыт іздейтін әрі жаңа бағыт ашуды жан сүйетін туристер үшін тартылыс орталығы ретінде бейнеленген.
Айта кетейік, бұған дейін Алматының туристік тартымды бағыт екені жайлы CNN Travel — әлемдегі ең ірі саяхат және туризм туралы ақпарат көздерінің бірі ауқымды мақала жариялаған еді. Бұл туындылар Алматының Орталық Азиядағы ең әлеуетті туристік бағыттардың біріне айналып, табиғи сұлулығы мен мәдени әралуандығымен бүкіл әлемнен саяхатшыларды қызықтырып жатқанын растайды.