Алматы хайуанаттар бағы келушілер саны бойынша рекорд орнатты: 2024 жылы 1 млн 97 мың адам келген

Алматы хайуанаттар бағы келушілер саны бойынша жаңа рекорд орнатты. Соңғы 37 жылда алғаш рет бір жыл ішнде келушілер саны 1 097 236 адамға жетті. Айта кетейік, қалалық хайуанаттар бағында 361 түрге жататын 3 838 жануар бар. Олардың күтімімен 223 қызметкер айналысады.

2024 жылы жалпы зообаққа келген
халықтың 250 мыңы тегін кірді. Бұл – 6 жасқа дейінгі балалар, балалар үйлері мен мектеп-интернаттардың тәрбиеленушілері, көпбалалы және аз қамтылған отбасындғы балалар (аудан әкімдіктерінің хаты бойынша), сондай-ақ зейнеткерлер мен мүмкіндігі шектеулі жандар. Ал, қалғандары билет сатып алып кірген.

Жалпы билет бағасы да қолжетімді болып қала береді: ересектер үшін – 800 теңге, ал балалар үшін – 300 теңге. Келушілер санының жаңа рекордына хайуанаттар бағының артып келе жатқан танымалдығы себеп болған. Ол табиғатты сүйетіндер мен отбасылық демалысты қалайтын адамдар үшін тартымды орынға айналып отыр.

Айта кетейік, хайуанаттар бағын халықаралық стандартқа сәйкес жаңғырту және реконструкциялау жоспарланған. Биыл жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеу бойынша байқау жарияланады. Кейін кезең-кезеңімен реконструкция жұмыстары басталып, 2028 жылға дейін жалғасады.

«Келушілердің, әсіресе балалардың, қызығушылығын арттыру және танымдық деңгейін көтеру мақсатында хайуанаттар бағында әр жануар бойынша аннотациялық тақтайшалар әзірленген. Онда жануардың атауы, таралу аймағы, биологиялық ерекшеліктері мен қызықты фактілер көрсетілген. Барлық ақпарат келушілерге ыңғайлы болу үшін қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде ұсынылған. Сонымен қатар, хайуанаттар бағында навигациялық және ақпараттық стендтер мен интерактивті элементтер орнатылған. Біз балаларға арналған түрлі үйірмелер мен зоомектеп жұмысын да ұйымдастырып келеміз», – деді хайуанаттар бағының әкімшілігі.

2023 жылы хайуанаттар бағына 954 мың, ал 2022 жылы 916 мыңнан астам адам келген.

Алматы қаласының баспасөз қызметі

Сурет авторы — Михаил Сорокоумов