Алматы халықаралық әуежайы 2050 жылға дейінгі ең ірі инфрақұрылымдық жоба – Horizon инвестициялық жобасының басталғанын ресми түрде жариялады

Алматы халықаралық әуежайы Horizon атты стратегиялық инвестициялық жобасының іске қосылғанын ресми түрде хабарлады. Бұл – алдағы 25 жылға арналған әуежайды жаңғырту мен дамыту бойынша ең ауқымды жоба. Салтанатты шара Алматы қаласы ғана емес, бүкіл еліміздің көлік инфрақұрылымын дамытудағы маңызды кезеңге айналып, әуежайдың Еуразиядағы басты авиациялық торап ретіндегі мәртебесін тағы да растады.
Іс-шараға қалалық және республикалық билік өкілдері, әуе компаниялары, салалық мекемелер, бизнес құрылымдар, қоғамдық ұйымдар мен авиация ардагерлері қатысты. Қонақтарды Алматы қаласы әкімінің орынбасары Олжас Смағұлов пен Алматы халықаралық әуежайының президенті Гөкер Көсе құттықтау сөзімен қарсы алды.
Олжас Смағұлов: «Алматы әуежайы – жаһандық деңгейдегі хабқа айналады»
Салтанатты шараны ашқан Алматы қаласы әкімінің орынбасары Олжас Смағұлов әуежайдың стратегиялық маңыздылығына тоқталды:
«Бүгінде Алматы халықаралық әуежайы Қазақстанның халықаралық жолаушылар ағынының жартысынан көбін қамтамасыз етіп отыр. Бұл әуежай Еуропа мен Азияны байланыстыратын Еуразия құрлығындағы көлік жүйесінің маңызды бөлігі. Біз алдымызға үлкен мақсат қойып отырмыз – Алматы халықаралық әуежайын әлемдік деңгейдегі авиациялық хабқа айналдыру. Бұл – өңірдегі ең ірі инфрақұрылымдық жобалардың бірі. Әкімшілік бұл жобаны іске асырудың барлық кезеңдерінде жан-жақты қолдау көрсететін болады», – деді Смағұлов мырза.
Horizon жобасы – 2050 жылға дейін әуежайды кезең-кезеңімен дамытуға арналған кешенді бас-жоспар. Бағдарлама бес кезеңнен тұрады. Бірінші кезең 2025 жылы басталып, 2028 жылдың соңына дейін аяқталады деп жоспарлануда. Тек осы кезеңнің өзінде жалпы инвестиция көлемі 362 миллион АҚШ долларына дейінгі шамамен 130 жоба жүзеге асырылады.
Жоба тек әуежайдың меншікті қаражаты, банктік несиелер және жеке инвестициялар есебінен қаржыландырылады. Мемлекеттік кепілдіктер мен бюджеттен бірлесіп қаржыландыру көзделмеген.
Гокер Косе: «Біз өңірде авиацияның жаңа деңгейін қалыптастырып жатырмыз»
Алматы халықаралық әуежайының президенті Гокер Косе бас-жоспардың негізгі көрсеткіштерімен бөлісті:
«Алматы – Орта Азиядағы ең жүктемелі әуежай. 2025 жылы біз 12,5 миллион жолаушыға қызмет көрсетеміз, олардың жартысы – халықаралық бағыттағы жолаушылар. Қазіргі таңда біз тәулігіне 150 рейс орындаймыз және бұл көрсеткіш тұрақты өсіп келеді. Horizon – бұл уақыт талабына жауап. Біз жылына 40 миллион жолаушыға қызмет көрсете алатын заманауи, экологиялық таза және технологиялық инфрақұрылым қалыптастырып жатырмыз», – деді Гокер мырза.
Бірінші кезең аясындағы негізгі нысандар:
- Ішкі рейстер терминалын толық жаңарту;
- Ұзындығы 4400 метр жаңа рульдеу жолын салу;
- Бетон жабыны бар ұшу-қону жолағын толық қайта құру;
- Арнайы реагенттерді жинап, қайта өңдейтін заманауи мұздануға қарсы алаң салу;
- VIP-перрон мен әуе кемелерінің тұрақтарын жаңарту;
- Жүк перроны мен техникалық қызмет көрсету ангарының құрылысы;
- Аэродром кешенін салу және отын инфрақұрылымын жаңарту;
- Әуежай маңынан жаңа қонақүй және көпдеңгейлі автотұрақ салу.
«Біз тек терминалдарды жаңартумен шектелмейміз – біз бүтіндей бір экожүйе қалыптастырып жатырмыз: логистикалық және индустриялық хаб, шуға қарсы бағдарламалар, жаңа жұмыс орындары, жолаушылар мен әуекомпаниялар үшін заманауи жағдайлар. Horizon – бұл Қазақстанның болашағына салынған инвестиция», – деп атап өтті Гокер Косе.
Жоба өңір экономикасын дамытуға елеулі үлес қосады. Тек бірінші кезеңнің өзінде құрылыс саласында 1800-ден астам, ал әуежайдың операциялық қызметінде 550 тұрақты жұмыс орны ашылады.
Экологиялық мәселелерге ерекше назар аударылуда. Әуежай тарихында алғаш рет оның маңындағы тұрғын үйлерге арналған кең ауқымды шу оқшаулау бағдарламасы іске асырылады. Бүгінгі күні 20 үйге оқшаулау жұмыстары жүргізілді, жыл соңына дейін бұл сан 100-ге, ал болашақта 300-ге дейін жеткізілмек.
Сондай-ақ, қоршаған ортаға зиян келтірмей, реагенттерді жинап, қайта өңдеуге мүмкіндік беретін экологиялық мұздануға қарсы алаң салынады. Бұл – Орта Азиядағы осындай деңгейдегі алғашқы жобалардың бірі.
2050 жылға қарай Алматы халықаралық әуежайы мынадай көрсеткіштерге қол жеткізеді:
- Жолаушылар ағынын жылына 40 миллион адамға дейін жеткізу;
- 150-ге дейін әуе кемесіне арналған тұрақ орындары;
- Үш ұшу-қону жолағы және дамыған рульдеу жолдары;
- Логистикалық орталық, аэроғарыш аймағы, өндірістік қуаттар мен арнайы экономикалық аймақ.
«Біз Алматыны жоғары технологиялық өнімдер – микрочиптер мен фармацевтикалық өнімдерден бастап авиациялық қызметке дейін – экспорттайтын орталық ретінде көріп отырмыз. Бұл жоба – жай ғана әуежайды дамыту емес, болашақтың авиация индустриясын қалыптастыру», – деді Косе.
Салтанатты шараның соңында маңызды символдық оқиға орын алды – әуежай аумағында құрылыс жұмыстары ресми түрде басталды. Алматы қаласы әкімінің орынбасары Олжас Смағұлов пен Алматы халықаралық әуежайының президенті Гокер Косе бірге іске қосу батырмасын басып, Horizon жобасының ресми басталуына белгі берді. Бұл қадам – Алматы халықаралық әуежайының жаңа кезеңінің басталғанының айқын символына айналды.
Корпоративтік коммуникациялар департаменті
Алматы халықаралық әуежайы