Алматы халықаралық әуежайының басшылығы қала әкімін әуежайдағы ауқымды жаңғырту жұмыстарының барысымен таныстырды

Алматы халықаралық әуежайының басшылығы – TAV Airports Holding компаниясының бас директоры Серкан Каптан мен әуежай президенті Гокер Косе Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалдыға әуе айлағындағы ауқымды реконструкция жұмыстарының қазіргі кезеңдерін көрсетті.

Әуежайға жұмыс сапары барысында әкім VIP-перрон, жүк тұрағы, арнайы мұздануға қарсы алаң мен рулёждік жолды салу, сондай-ақ ішкі рейстер терминалының реконструкциясы мен автоматтандырылған багаж өңдеу жүйесін салу жұмыстарының қазіргі кезеңін көрді. Сондай-ақ, қала басшылығы CIP-терминалға барып, модернизациялық жұмыстардың қазіргі қарқынымен танысты.

Әуежай басшылығы VIP-перронды реконструкциялау жоспарға сәйкес жүргізіліп жатқанын баяндады. Жаңа перрон әртүрлі типтегі ұшақтарға қызмет көрсетуге арналған және арнайы тағайындалған ұшақтар үшін бірнеше орындарды қамтиды. Жоба екі кезеңде жүзеге асырылуда: бірінші кезең шамамен 70% орындалған, екінші кезең келесі құрылыс маусымында басталады.

Жүк секторында әкімге жаңартылған инфрақұрылым мен келесі жылға арналған жоспарлар таныстырылды. Қазіргі жүк тұрағы қоймаға жақын аумаққа ауыстырылатын болады, бұл логистиканы тиімді етіп, жүктің қозғалыс уақытын қысқартуға мүмкіндік береді. Аэродромның солтүстік бөлігін дамыту аясында жаңа жүк тұрағы, техникалық қызмет көрсету ангары және логистикалық орталықтар салу жоспарлануда.

Ішкі рейстер терминалында жаңа автоматтандырылған багаж өңдеу жүйесін орнату жұмыстары аяқталуға жақын. Жұмыстар жоспар бойынша жүргізілуде, жаңартылған аймақтар желтоқсан айында жолаушыларға ашылуы жоспарланып отыр.

Әуежайды дамыту 2050 жылға дейінгі Бас жоспар аясында жүзеге асырылуда. Биыл басталған бірінші кезең (Horizon) 130-дан астам жобаны қамтиды, соның ішінде:

* Ішкі рейстер терминалының толық реконструкциясы
* ⁠Ұзындығы 4400 метр жаңа рулеждік жолды салу
* ⁠Ұшу-қону жолағының реконструкциясы
* ⁠Реагенттерді экологиялық түрде жинау және қайта өңдеуге арналған заманауи мұздануға қарсы алаң салу. *Орталық Азиядағы осындай деңгейдегі алғашқы жобалардың бірі.
* VIP-перрон мен ұшақ тұрағын реконструкциялау
* ⁠Жаңа жүк тұрағы мен техникалық қызмет көрсету ангарын салу
* ⁠Әуежай кешенін салу және жанармай инфрақұрылымын жаңарту
* ⁠Әуежай жанында жаңа қонақүй мен көпқабатты паркинг салу

Бас жоспардың барлық кезеңі аяқталған соң әуежайдың өткізу қабілеті жылына 40 миллион жолаушыға дейін артпақ. Құрылыс кезеңінде 1800-ден астам жұмыс орны құрылып, оның ішінде шамамен 550 жұмыс орны операциялық бөлікте болады.

Бас жоспарды жүзеге асыру Алматы халықаралық әуежайын Еуропа мен Азияны жалғастыратын негізгі авиациялық хабқа айналдырады, жаңа халықаралық және өңірлік бағыттар ашылады, қаланың көліктік қолжетімділігі айтарлықтай артады.

Алматы халықаралық әуежайының баспасөз қызметі